МТРА жаңалықтары

Петропавлда жерлес суретшінің кезекті көрмесі өтті

“Ескі саябақ”, “Қаладағы жаңбыр”, “Ормандағы жол”. Көздің жауын алатын мына 15-тен артық картинаның барлығы суретші, әрі дәрігер Игорь Поляковтың қаламынан туған. Дені жыл мезгілдері мен шаһарымыздың көрікті жерлері бейнеленген пейзаждар.

Елена Новикова:


– Маған көрме қатты ұнады. Әсіресе, картиналардың ішінен “Қысқы таң” атты сурет ерекше тәнті етті”.

Дамир Насыров:

– Табиғат бейнеленген туындылар жаныма жақын. Осындай көрмелердің арқасында тұрғындарымыз өлкеміздің әсем табиғатынан сыр шертер туындылармен танысуға мүмкіндік алады.

Жалпы, қылқалам шеберінің қолынан 100-ден артық туынды шығыпты. Бүгіндері суретші Игорь Борисович қолы бос бола қалса, бірден жаңа туындыларын салуға кіріседі.

Игорь Поляков – суретші, облыстық кардиологиялық орталықтың дәрігер-рентгенологы:

– Қазіргі уақытта қаламыз жайлы жаңа топтаманы бейнелеуді бастадым. Оның ішіне тарихы тереңде жатқан нысандар кіріктіріледі. Осы тақырыпта 25-тей сурет салмақпын. Ал, мына көрмеде көбіне биыл ғана жарық көрген картиналар ілінген. Биыл мен 11 туындыны салдым.

Бұл әуесқой суретшінің қаламыздағы тоғызыншы жеке көрмесі. Осы жолғысы тамыз айына дейін жалғасын таппақ.

Эльмира Садвокасова