Қоғам

Теріскейліктер сабантуй мерекесін атап өтті

Сабантой – татар-башқұрт халықтарының ежелден келе жатқан ұлық мерекесі. Дәстүр бойынша татар халқы бұл мейрамды жиын-терім мол болсын деген ырыммен тойлаған. Бүгінде ол барша қазақстандықтардың ортақ мерекесіне айналды.

Наиль Абраев – “Дуслық” татар-башқұрт этномәдени орталығының жетекшісі:

– Сабантойды кең атап өтсең, бидай бітік шығады деген наным бар. Сондықтан, біз бұл мерекені жыл сайын атап өтеміз. Дәстүр бойынша адамдар көшеге шығып, тамақпен бөлісіп, би билейді. Бүгінгі іс-шараны Астана күні мерекесіне арнап отырмыз. Теріскейде 6 шығармашылық ұжым, сондай-ақ, Татарстаннан келген меймандар өнер көрсетеді.

Мерекеге жиналғандар татар, башқұрт тілдерінде шырқалған әндерді тыңдады, ұлттық билерін тамашалады. Молшылық пен достықтың, еңбектің мейрамы саналатын сабантойда Қазан қаласынан арнайы келген әртістер де әуезді әндер шырқап, теріскейліктерге тамаша көңіл-күй сыйлады.

Айдар Габдиновтың сахна төрінде өнер көрсетіп жүргеніне 20 жылдың жүзі. Ол көбіне классикалық әндерді шырқайды екен. Туындыларының арасында қазақ тіліндегі шығармалар да бар. Татарстан Республикасының халық әншісі Қазақстанға жиі келіп тұрады. Жақында ғана ол Ақтөбеде өткен сабантой мерекесінде өнер көрсеткен.

Айдар Габдинов – Татарстан Республикасының халық әншісі, Қазан қаласы:

– Сабантой мерекесі осындай жоғары деңгейде аталып өтіп жатқанына қуаныштымын. Ұлттардың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқаны көрініп тұр. Жалпы Петропавлға бірінші рет келіп отырмын. Бүгін мереке болған соң, көңілді әндерді шырқадым.

Сондай-ақ, мерекеге жиналғандарды, түрлі дәмге толы татар-башқұрт дастарханы күтіп тұрды. Мұнда ұлттық тағамдар, атап айтсақ, очпочмак, бәліш, бәрәміш және чак чак молынан қойылған.

Зухра Аташанова – “Дуслық” татар-башқұрт этномәдени орталығының мүшесi:

– Бұл – татар бәліші. Қазіргі таңда ол кез-келген дүкенде сатылады. Кең танылған тағамдардың бірі. Бірақ оның өзінің бірнеше түрі бар.

Ән мен жырға толы мереке барша ұлт өкілдерінің басын қосып, жиналған қауымға шаттық сыйлады.

– Бүгін ерекше күн. Ауа райы тамаша. Барша солтүстікқазақстандықтарды сабантой мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

– Мерекеге отбасымызбен бірге келдік. Әншілер мен бишілердің өнеріне тәнті болдық. Әсіресе Татарстаннан келген меймандардың туындылары көңілімізден шықты.

– Бәрі көңілді өтіп жатыр. Би билеп, көңіліміз бір көтеріліп қалды.

Жалпы сабантой елімізде 20 жылдан астам уақыт тойланып келеді.

 

Мөлдір Мақышева