Мәдениет

Өңір домбырашылары басты алаңда бас қосты

Саят Ермек – тілші:

– Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра, нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра. Елбасы Н. Назарбаевтың жарлығы бойынша бүгін, яғни шілденің бірінші жексенбісі ұлттық домбыра күні деп бектілді. Аталмыш жаңа мейрам аясында шаһардағы орталық алаң облыстың үздік домбырашыларының басын қосты.

Алып оркестр. Арасында мектеп оқушылары да, бес саусағынан бал тамған өңір өнерпаздары да бар. Бәрі бірігіп “Балбырауын”, “Адай” мен “Ата толғауы” сынды әр қазаққа таныс күйлерді синхронды орындап, басты алаңда ұлттық қазынамыздың үнін әуелетті.

Сабина Хайруллина – “Өркен” ансамблінің домбырашылары, Тимирязев ауданы:

Мені домбыраға құрбым әкелді. Маған бұл аспап ұнады. қазіргі таңда 10 шақты күйді тарта аламын. Барлық солтүстікқазақстандықтарды домбыраны үйренуге шақырамын.

Дәл осындай шара кеше түсте Астанадағы “Қазақ елі” монументінің маңында да өткен болатын. Елордалық фестиваль 2 мыңға жуық домбырашыны жинаса, еліміздің солтүстік қақпасы – Петропавл шамамен 150 өнерпаздың басын біріктірді. Ұйымдастырушылар бұл шараның мемлекетіміздің “Мәңгілік ел” болудағы маңызына жоғары баға беріп отыр.

Таңат Бейсембаев – облыстық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс орталығының қазақ шығармашылығы бөлімінің жетекшісі:


Қазіргі таңда Сегіз Сері атындағы оркестрден бөлек облыс бойынша 6 домбырашылар оркестрі бар. М. Жұмабаев ауданынан басқа барлық аудандарда өнер мектептері және өңір бойынша 20 жуық домбыра үйірмелері бар

Сондай-ақ шарада солтүстіктегі ең танымал күйші, 80-ді еңсерген майталман – Серікбай Құсайынов та қара домбырасын қолына алды. Кейін облыс өнерпаздары ән шырқады, фольклорлық және ұлттық аспаптар оркестрлері жеке-жеке өнер көрсетті.

Саят Ермек