МТРА жаңалықтары

66/37 әскери бөлімінде жазғы оқу кезеңі басталды

Біреулер көптен күткен жазғы демалыстарына енді шығып жатса, әскери қызметкерлерде керісінше. Сарбаздар, офицерлер үшін жазғы оқу кезеңі енді бастау алмақ. Салтанатты іс-шарада 66/37 әскери бөлімінің жетістігі сөз болды.

Ұларбек Абыкеев – ҚР ҰҰ «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары:

– Сіздердің қорытынды тексерісте көрсеткен нәтижелеріңіз, 66/37 әскери бөліміндегі мықты дайындық пен мамандар біліктілігінің тағы бір дәлелі. Сарбаздар қысқы оқу кезеңіндегі емтихандарды жақсы деген бағаға тапсырды. Отан алдындағы борышын сәтті өтеп шыққандар, запастағы әскери мамандар қатарын толықтырды.

Бұл әскери бөлімнің жалғыз жетістігі емес. 2018 жылдың қаңтарында мұнда зениттік-артилериялық дивизион құрылды. Әзірге, мұндай құрылым 9 әскери бөлімнен тұратын «орталық» өңірлік қолбасшылығында жалғыз екен.

Кенжеболат Балтабаев – ҚР ҰҰ 66/37 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

– Үкімет жарлығына сәйкес Горный елді мекеніндегі 3-ші атқыштар ротасы жабылған болатын. Осыған орай, біздің бөлімде зениттік-артилериялық дивизион құрылды. Бөлімше мамандары арнайы жоспарға сай жұмыс істейтін болады. Негізінен олар әскери институт курсанттарын жаттықтырып, тәжірибелік сабақтар өткізеді. Дивизион қатарына тек келісім шарт бойынша қызметте жүргендер мен офицерлер алынады.


Сап түзеп тұрған сарбаздардың көңіл-күйі көтеріңкі. Шілдеден желтоқсанға дейін олар атыс, мемлекеттік құқықтық даярлық сынды пәндерді меңгеріп, оқу-жаттығу жиындарына шықпақ. Осылайша, бес ай ішінде жауынгерлер әскери өмірдің қыр-сырын одан әрі меңгермек.

Ерлан Алтаев азаматтық міндетін орындауға 2017-ші жылдың желтоқсанында шақыртылыпты. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Отан алдындағы борышын өтеуді бұрыннан арман еткен.

Ерлан Алтаев – ҚР ҰҰ 66/37 әскери бөлімінің сарбазы:

 


–  Әскери өмір – біздің өміріміздегі соңғы мектеп. Ер жігітті қалыптастыратын сала. 01-03 Азаматтардың өзін қалай ұстайтыны да әскери өмірге байланысты. Себебі, мұнда тәртіпке, шыдамдылыққа, достыққа үйренеміз.

Көп ұзамай, әскерилердің сабақтары басталып кетті. Арнайы пәндерден бөлек, мұнда әлем мен елде болып жатқан өзгерістерден хабардар болуға көңіл бөлінеді. Жазғы оқу маусымы аяқталған соң, желтоқсан айында сарбаздаралған білімдерін емтиханда дәлелдейтін болады.

Дана  Ешкенова