МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданының тұрғындары үшін жеке қабылдау жүргізілді

2019 жылдан ел көлемінде мемлекеттік қызметті оңтайландыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар мамандар санының қысқаруына да әсер етуі мүмкін. Осы мәселе Бескөл ауылының тұрғыны Гүлмира Жамахаеваны да мазалайды. Бұл салада 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келетін нәзік жанды жұмыссыз қалам ба деп отыр. Өзін толғандыратын сауалдың жауабын алу үшін Гүлмира Жамахаева бүгінгі қабылдауға келіп отыр.

Гүлмира Жамахаева – Қызылжар ауданының тұрғыны:

– Бұл жағдай тек мені ғана толғандырмайды. Осы салада жұмыс істейтін қызметкерлердің басты мәселесі. Осы мәселені оң шешу үшін көп жылдық еңбек өтілі бар қызметкерлер қайта біліктіліктерін арттырып, басқа мамандықтарды да меңгеруі тиіс.

Ал Қанат Дәрібаев болса мемлекеттік сатып алу мәселесін қозғап отыр. Ол аталған салада 1 жыл ғана жұмыс істесе де, біраз қиыншылықтарға тап болғанын айтады. Мәселен, тендерді ұтып алған ұйымның хаттамасын толтыру үшін 5 күн жұмсалса, оны қарастыру мерзімі 30 күнді құрайды екен. Бұл жұмыстың уақытылы орындалуына кедергі жасайды дейді мемлекеттік қызметші.

Қанат Дәрібаев – Қызылжар ауданының тұрғыны:


– Мемлекеттік сатып алу заңнамасына көптеген өзгерістер енгізу қажет деп есептеймін. Мәселен тендерді ұтып алған хаттамасын арыздау үшін 5 күн және оны қарастыру үшін 30 жұмыс күні беріледі. Бұл мерзімді қысқарту туралы ұсыныс жасадым. Яғни, 5-тен 2-3 күнге дейін және 30-дан 15 күнге дейін.

“Нұр Отан” партиясының Қызылжар аудандық филиалында өтіп жатқан қабылдауды бұл жолы әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Сергей Худяков жүргізуде. Тұрғындар облыс орталығына жиі келе бермейтіндіктен, осындай кездесулер аудандарда жылына 2 мәрте жүргізіледі.

Сергей Худяков – СҚО Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі:

– Облыстағы әдеп жөніндегі кеңес мүшесінде 8 адам жұмыс істейді. Жоспар бойынша әрбірі аудандарға шығып, осындай қабылдауларды өткіземіз. Көбіне тұрғындар ұжымдағы келіспеушіліктердің орын алуына байланысты жүгінеді. Өкінішке қарай, олар мұндай кездесулерге сирек келеді. Себебі, азаматтар аудандарда қабылдау жүргізілетінін біле бермейді.
Айта кеткен жөн, тұрғындардың мәселелері 15 күннен 30 күнге дейін қарастырылады.

Молдир Макишева