МТРА жаңалықтары

Петропавлда «Әзірет Сұлтан» музейінің көрмесі ашылды

Шаһарға Түркістандағы қорық-музей қорынан жалпы саны 225 жәдігер жеткізіліпті. Олардың арасында көне қала орнынан табылған қыш ыдыстар, Қожа Ахмет Яссауи ізбасарларының кітаптары, қазақ хандарының мөрлі жүзіктері мен қазақ жерін билеген ақсүйектердің хаттары, көне тиындар сынды құнды жәдігерлер бар.

Асемгүл Қыдырбекова – “Абылай хан резеденциясы” мұражай кешені директорының орынбасары:

– Көрменің мақсаты – мұражайаралық қарым-қатынас орнату. Маңыздысы, бүгінгі көрмеден кейін Түркістан мен Петропавл арасында да байланыс орнайды. “Әзірет Сұлтан” мұражайының 40 жылдығы мен “Абылай хан резеденциясының” 10-жылдығына орай бұл көрме ұйымдастырылды.

Көрмедегі ең құнды бұйымдардың бірі – XIV ғасырлық тайқазанның көшірмесі. Оны “Әзірет Сұлтан” қорық-мұражайының тапсырысы бойынша түркістандық шебер Қалмырза Тасов жасаған. Бүгін жерлестеріміз онымен жақынырақ танысу мүмкіндігін иеленді.


СҚО мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Ермек Рахимов түркістандық музей директоры Нұрболат Ахметжановқа жергілікті өнер сүйер қауымға ерекше сыйлық жасағаны үшін алғыс хат пен Мағжан шығармаларының жинақтарын табыс етті.

Нұрболат Ахметжанов – “Әзірет Сұлтан” қорық-музейінің директоры, Түркістан қаласы:

 

– Міне, біз енді осы кезекті көрмемізді солтүстікте, киелі “Абылай хан резеденциясында” өткізіп отырмыз. Айта кететін жайт, біздің қорық музейіміз Түркияның бірнеше қалаларында көрме ұйымдастырды. Шетелдегі көрмеге музейдің қорындағы аса құнды жәдігерлерін апардық. Жалпы музейдің қорында 23 мыңға жуық жәдігер бар.

“Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы республикамыздағы іргелі музейлердің бірі саналады. Бұл ошақтың экспозиция алаңдарында жылына түрлі тақырыпта 60-тан астам көрме ұйымдастырылады. Бүгінде олар республика бойынша көшпелі көрмелер де ұйымдастырып, еліміздің барлық облыстары мен өңірлерін түгел қамтымақ.
Шаһардағы көрме тамыз айына дейін жалғасады.

Альмира Жетписбай