Қоғам

Облыс әкімі БАҚ өкілдерін құттықтады

Шараға қатысушылар – оқиғаның бел ортасында жүріп, бұқараға жаңалықты бірінші болып жеткізу үшін талмай еңбек ететін жандар. Ең көне мамандық иелерін төл мерекелерімен облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтап, журналистер жұмысының маңыздылығын атап өтті.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Ақпараттың негізгі қоғамдық рөлі – халық пен билікті байланыстыру. Осы саладағы атқарып жатқан шаруаларыңыз көп. Халықтың проблемаларын ашық билікке жеткізудесіздер.

Бұл күні кәсіби шеберлігі, халықты ақпаратпен қамтудағы белсенділігі үшін өңір журналистерінің бірқатары облыс әкімінің алғыс хаты мен сыйақысына ие болды.

Төртінші билік өкілдері бұқараның сұранысын қанағаттандыру үшін ақпарат дегенде ішкен асын жерге қоюға әзір. Олар халыққа аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат қызмет етуге дайын. Қиындығы мен қызығы бірге жүретін мамандықты таңдағандардың бірі – Қанат Атаманов. «Soltüstik Qazaqstan» облыстық газетінің тілшісі осымен 9 жыл бойы өңірдегі соңғы жаңалықтарды теріскейліктерге баспасөз беттерінде жеткізіп келеді.

Қанат Атаманов – «Soltüstik Qazaqstan» облыстық газетінің бөлім меңгерушісі:

– Журналистика – қызығы мол мамандық. Мен осы жұмыста көремін, танысамын деп, тіпті, армандаған ел ағаларымен кездестім. Журналистиканың маған бергені – осы. Себебі, жақсы адамдармен аралассаң, өзің де рухани түрден баисың.

Кәсіби мерекесінде қошеметке бөленгендердің қатарында муниципалдық телеарна өкілі Александра Салмина да бар. Тілші әрі диктор журналистика мамандығын таңдап, өміріндегі ең дұрыс шешім қабылағанын айтады.

Александра Салмина – МТРА тілшісі:

 


–  Журналистика – менің өмірімнің мәні десем де болады. Уақытымның басым бөлігін өз жұмысыма арнаймын. Жалпы, журналистерді кішкентай бүлдіршіндерді секілді әрбір дүние қызықтыруы қажет деп санаймын. Сонда ғана, сенің жасаған материалың көрермен не болмаса оқырман көңілінен шығады. Бүгінгі марапат менің кішігірім жеңісім деп білемін. Мұндай құрмет алдағы уақытта жұмысымды жетілдіруге серпіліс береді.

Бұл күні тілшілерден бөлек, кадр сыртында жүріп жаңалықтың жарық көруіне өз үлесін қосатындар да облыс әкімінің қолынан марапат алды.

Эльмира Садвокасова