МТРА жаңалықтары

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы талқыланды

Бүгінде елімізде мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 5 әлеуметтік бастамасының әр бағыты бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Маңызды құжаттың бірінші бағыты бекітілді. Енді 7-20-25 бағдарламасы аясында баспанаға шілде айынан бастап қол жеткізуге болады. Ұлттық Банк жобаның жүзеге асырылуына қатысатын қаржы институттарын белгілеу үстінде. Алғашқы болып несиелендіру шарасын Центркредит банкі жүргізбек.

Владислав Лукин – СҚО құрылыс, сәлует және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:



– Бүгінгі таңда бірнеше үйдің құрылысы жүріп жатыр. Баспаналар Жас өркен, Береке, Қапай ықшам аудандарында бой көтермек. Сонымен қатар, Солнечный кентінде 211 жер үй тұрғызылуда. Аталған бағдарламаға жеке тұрғын үй салушы компаниялар да ат салысып жатыр. Серіктестіктер Петропавлда 317 пәтерді қолданысқа береді. Жалпы, жоспарға сәйкес 2018-19 жылдар аралығында шаһарымызда 5 тұрғын үй кешенін қолданысқа беру жоспарланған. Осылайша, 1500-дей отбасы баспанамен қамтылады.

Жиында жалақасы төмен азаматтардан алынатын салық жайы да сөз болды. 2019 жылдан бастап, тұрғындар тұрақты табысының тек бір пайызын ғана мемлекетке беретін болады. Мұндай өзгеріс айлығы 60 мың 125 теңгеден аспайтындарды күтуде. Ал, үнемделген қаражат болса, аталған санаттағы қазақстандықтардың жалақысын өсіруге жұмсалады. Алайда, бұл жаңашылдықтың салдарынан облыс бюджетіне бір жыл ішінде 800 млн теңге түспей қалады. Бұның орнын толтыру үшін мамандар қалған қазақстандықтарға салық жүктемесін арттырамыз деп отыр. Отырыста тағы студенттердің жоғары білім алуларынына барынша жағдай жасау мәселесі де айтылды. Өңіріміздегі жалғыз білім ордасына биыл 1500 қосымша грант бөлінбек. Олардың басым бөлігі ауылдық квота болса, 500-і Серпін бағдарламасымен оқуға түсетіндерге арналған. Бұдан бөлек, облыс әкімі студенттерге жергілікті бюджет есебінен тағы 75 грант қарастырып отыр.

Айдос Мұқатаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ стратегия және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры:

– Бүгінде университетіміздің 1300 студентіне жатақханадан орын жетпейді. Осы бағыттағы шаруаларды бастадық. Оныншы оқу корпусын қазір студенттер үйі қылып жасап жатырмыз. Одан бөлек, қалалық әкімдік жоғарғы оқу орнының маңынан бізге жер бөлді. Ол маңда 600 орынға шақталған 2 бірдей студенттер үйін тұрғызбақпыз. Бұған қоса, қазір 3-жатақханада күрделі жөндеу жұмысын жүргізудеміз. Аталған шараларды жыл сайын басқа да нысандарда жалғастыру жоспарда бар.

Жиынға қатысушылар Елбасы бастамасының 4-ші бағытын да айналып өтпеді. Елімізде шағын несиеге бөлінетін қаржы көлемі 20 миллиардқа артпақ. Бұл бизнестің дамуына септесетіні сөзсіз.

Бақыт Жанбулов – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

– Микронесиелеу шараларына Петропавл қаласына 306 млн теңге бөлінді. Оның 285 млн-ы Республикалық бюджеттен, қалған 21 млн. теңгесі жергілікті қазынадан қарастырылған. Үстіміздегі жылдың 25 маусымына дейін жалпы сомасы 46 млн 709 мың болатын 5 шағын несие берілді.

Ал, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына болса, сәуір айынан 1 млрд 224 млн теңге бөлінген. Бүгінде ұйым жалпы сомасы 572 млн теңгені құрайтын 187 жобаны несиелендіріп үлгерді.


 

Эльмира Садвокасова