Қоғам

Журналистер бір күнге құтқарушыларға айналды

Облыста орын алған өрт оқиғаларынан сіздерді құлағдар ететін біз – журналистер кәсіби мерекеміздің қарсаңында қызыл жалынды ауыздықтайтын өрт сөндірушінің қызметін атқардық. Алдымен маман бізді құтқарушының киім-кешегі және құрылғыларымен таныстырды. Кейін оларды уақытқа киіп көрдік.

Норматив 24 секунд. Тек бұл форманы алғашқы рет қолыма ұстап, киіп көрген мен тапсырманы 38 секундтың ішінде орындадым. Алайда, бұл тек бастамасы ғана болып шықты. Үстіме 20 келілік арнайы киім-кешек, бетіме тынысты қиындататын противогаз киіп-алып, алдымен кірпіш қабырғаны бағындырдым, отқа қарай ұмтылып, лапылдап тұрған кедергілер мен қауіпті көпірден өттім.

Саят Ермек – тілші:

– Денең терлейді, аяқ қолың шаршайды, белің ауырады. Бұған қарамастан әр құтқарушы бұл психо-жолақтан кем дегенде үш айда бір рет өтіп, әзірлігіне көз жеткізіп отыруы тиіс. Журналистер бүгін өрт сөндірушлерге айналған соң, амал нешік, арнадағы әріптесім Анна Жицкая да өз күшін сынап көрді.

Анна Жицкая – МТРА тілшісі:


– Нәзікжандымын ғой, сондықтан бүгін өртсөндіруші киімін алғашқы рет кидім. Өте ыңғайсыз әрі ауыр. Ал құтқарушылар мұнымен сағаттап жүреді. Осындай уақытта, кәсіптің оңайы болмайтынын түсінесің, бізді ажалдан арашалауға дайын тұратын жандардың еңбегін бағалай бастайсың.

Құтқарушылар байланыс және ақпарат қызметкерлерін кәсіби мейрамдарымен осылай құттықтады. Айтуларынша – күнде өзгенің өмірін аман сақтау үшін өзі қауіптің қасында жүретін абыройлы кәсіп иелері қызметінің қиындығын осылай ғана жеткізуге болады.

Айтуған Бекенов – Петропавл қалалық №2 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:


– Тілшілер құтқарушылық мамандықты әр қырынан танысын деп ұйымдастырдық. Бәрі тапсырмаларды жақсы орындап шығуға барынша тырысты. Кейбірі кедергілерден тіпті мүдірмей өтті. Журналистерді алдағы уақытта да күтеміз. Кәсіби мерекелері құтты болсын.

Жыл басталғалы өңір құтқарушылары 350 өрт оқиғасын ауыздықтап, 19 адамның өмірін аман сақтап қалған.

Саят Ермек