МТРА жаңалықтары

СҚО әділет департаментінің мамандары мүгедектерге қызмет көрсетті

78 жастағы қала тұрғыны Зинаида Вишневецкаяның 2 ұлы бар. Тұңғышы Украинада, ал кішісі Петропавлда тұрады. Қазір зейнеткер мүлкін балаларының арасында тең бөліп беру қамында жүр. Сондықтан, қарт ана мұрагерлік жайлы кеңес алу мақсатында облыстық әділет департаментінің мамандарына жүгінген. Сөйлеу және есту кемістігі бар Зинаида Вишневецкаяның базынасын мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне сурдоаудармашылар жеткізді.

Зинаида Вишневецкая – қала тұрғыны:


– 2 бөлмелі пәтерім болған. Оны сатып, қаражаттың жартысына 1 бөлмелі баспана алдым да, қалған соманы шет елде тұратын ұлыма бердім. Ал, үйімді екінші балама мұрагерлікке қалдырмақпын. Жаңа ғана мамандардан осы іс бойынша құжаттарды қалай жүргізу керектігін сұрадым. Маған олар бірқатар кеңестер берді.

Бүгіндері өңірімізде есту және сөйлеу қабілеті шектеулі 900 шақты жерлесіміз тұрады. Әділет департаменті мамандарының құзыретіндегі қызметтерді олар осы сурдоаудармашылардың көмегіне жүгініп, ала алады. Ал бүгін 20 шақты жарымжан заң өкілдерімен тілдесіп, өз базыналарын жеткізді.

Ирина Сактанова – СҚО әділет департаментінің бөлім басшысы:


– Қоғамның әлжуаз топтары денсаулықтарына байланысты мемлекет көрсететін көмектер жайлы біле бермейді. Ал, осы іспеттес кеңес беру шаралары кембағал адамдарға мейлінше жәрдемдесуді көздейді.

Ұйымдастырушылар қоғамның әлжуаз топтарын қолдауға арналған кездесулерді алдағы уақытта да жалғастырмақ.

Тогжан Акмагамбетова