Қоғам

Петропавлда кезекті қоғамдық қабылдау өтті

Қоғамдық қабылдау қаламыздағы “Рахмет” сауда орталығында ұйымдастырылған. Тұрғындардың өзекті деген мәселелерін шешуге бағытталған жобаның – халық нөпірі толастамайтын жерде өткізілуі бекер емес. Кезекті қабылдауды осы жолы облыстық білім, денсаулық сақтау басқармалары мен Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері жүргізуде. Зейнеткер Хамит Камалиев, бүгінгі шараға жол мәселесімен келіп отыр. 1984 жылдан бері Жұмысшы кентінде тұрып келетін 72 жасар зейнеткер аудандағы жолдардың сапасы сын көтермейді, – дейді.

Хамит Камалиев – қала тұрғыны, зейнеткер:


– Менің келген жұмысым – осы жерде жол жоқ. Қыста көмір, су, отын әкелу қиын. Неге десең Украин мен Элеватор көшелері саз. Және оқушылар 1-ші мектепке басқа білім ошақтарына барғанда аяқтарына пакет киіп барады. Осы туралы өтініш жазған едім. Енді міне хабарласып, өздері шақырды жауап береміз деп. Сол шешім қалай болатындығын есту үшін келіп отырмын.

Бірақ, қоғамдық қабылдауға келген қарияның мәселесін тыңдайтын маман орнынан табылмады. Сағат 11-де келген зейнеткер ұзақ күтіп, бұйымтайын тыңдар құлақ болмаған соң кетіп қалды. Әлеуметтік шараға ат үсті қараған мекеме қызметкерлері болса, шара соңына таман келіп, қабылдау жүргізді.

Мария Таренко – “Азаматтық қабылдау” орындаушысы:


– Әлеуметтік бағыттағы қоғамдық қабылдау сағат 11-00-ден 13-00-ге дейін өтеді. Осыған дейін маусымның 15-і “Достық үйінде” ұйымдастырған болатынбыз. Ол кезде тұрғындардан 20 өтініш келіп түсті. Тағы 40 тұрғынға кеңес бердік.

Десе де көпке топырақ шашудан аулақпыз. 2 сағаттық ашық диалог алаңында білім және денсаулық сақтау басқармаларының өкілдеріне жүгінушілердің саны аз болмады. Ендігі кезекте, мемлекеттік мекемелердің өкілдері қоғамдық қабылдауды “Семейный” сауда орталықтарының бірінде өткізуді жоспарлап отыр.

Бахыт Садвокасов