Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кәсіпкерлер палатасында семинар-тренинг өтті

Шараға «Радуга» серіктесігінің өкілдері де қатысуға ниет білдіріпті. Компания Қазақстан нарығында 25 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Өңіріміздегі іргелі кәсіпорын тұтынушыларының сұранысын қанағаттандыру үшін жыл сайын қыруар шаруа атқарады. Өндіріс көлемі артқандықтан, еңбеккерлер саны да өсуде. Сондықтан, серіктестік басшылары үшін персоналды жүйелі басқару жайы өте маңызды.

Евгений Мотнев – «Радуга» ЖШС бас директорының орынбасары:


– Біздің компанияда Қазақстан бойынша 1500 адам жұмыс істейді. Сондықтан, оларды басқару және жұмысты тиімді түрде жүргізу оңай шаруа емес. Бүгінгі тренингке келген себебім де сол. Қызметкерлермен қарым-қатынас орнатуда жаңа идеялар мен әдістерді үйрену аздық етпейді.

Бизнестің өркендеуі үшін не істеу қажет? Бұл іскер азаматтардың күн тәртібіндегі ең бірінші әрі маңызды сұрақ. Сол себепті, облыстық кәсіпкерлер палатасы Ресейдің Омбы қаласынан арнайы тренерлерді шақырыпты. Екатерина Пономареваның дәрісі персоналды басқарудың қыр-сырына арналған. Аталған саладағы эксперттің сөзінше, кез келген компания жұмысшыларының тек 20 пайызы өз міндетін толыққанды атқарады екен. Ал, қалған 80 проценті бір деңгейде еңбек етеді. Сондықтан, осы қызметкерлер құрылымын жүйелі түрде жасау кәсіптің алға басуына септесетін бірден-бір тетік.

Екатерина Пономарева – персоналды басқару саласындағы эксперт, Омбы, РФ:


– Бүгінгі таңда бизнес саласындағы ең өзекті сұрақтың бірі – персоналды басқару тиімділігін сөз етудемін. Себебі, қазірде СҚ өңірінің білікті мамандары жақсы мүмкіндіктер іздеп, басқа облыстарға кетуде. Бұл – қызметкерлермен жұмыстың дұрыс жүргізілмейтіндігінен орын алып отыр. Сондықтан, осы төңіректегі сұрақтарды егжей-тегжейлі қарастырамыз.

Шара барысында кәсіпкерлер тренерге көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, кеңес алды.

Эльмира Садвокасова