МТРА жаңалықтары

28 маусым – байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің күні

Күн сайын күндізгі және кешкі уақыттарда мыңдаған адам бұл дауыстарды естиді, келбеттерін көріп, олардың аузынан соңғы жаңалықтарды біледі. Мунципалдық телеарна ұжымы осымен 20 мәрте кәсіби мерекелерін атап өтуде. Осымен 20-шы жыл тілшілеріміз теріскей тұрғындарын өңір тынысымен таныстырып келеді.

Евгений Сазанов – МТРА директоры:


– Осы уақыт ішінде біз біраз жетістіктікке жеттік. Бізді күллі облыс сүйіп көреді. Сондай-ақ, Муниципалдық арнада мансабын бастаған жас мамандар кейін республикалық компанияларға қызметке тұрып жатады. Мұндай мысалдар көп. Бұл біздің редакциядағы кәсіби мектептің мықтылығын көрсетеді. Біз жаспыз, әлі де алға басып, жетілуге дайынбыз.

Біздің қызмет қиын, бірақ қызықты. Аса қадірменді көрерменге сапалы ақпарат беріп, соңғы жаңалықтардан хабардар ету үшін біз аптап ыстықта, қақаған аязда, өзге де экстрималды жағдайларда жұмыс жасаймыз.

Байболат Бектемірұлы – МТРА тілшісі:


– Күннің бірінші жартысында әкімдікте, ал екіншісінде қоқыс алаңында жұмыс істеуіміз мүмкін. маған бұл мамандық осынысымен ұнайды. Біздің бірінші мақсат – жаңалықтарды жылдам әрі сапалы жасау.

Тек телеарнаның эфиріне шыққан әрбір материалдың артында шығармашылық ұжымның орасан еңбегі жатыр. Алдымен, түсірілім тобы оқиғаның бел ортасына жетеді. Тілдеседі, мән жаймен танысады, сұхбат алады, командада жұмыс істейді. Дәл осы жерде журналист пен оператор өздерінің фантазиясы мен кәсіби біліктіліктеріне жүгінулері тиіс.

Саят Ермек – тілші:


– Міне, жоғары кәсіби біліктіліктің көрінісі осы. Стендап! Яғни журналистің камераға қарап сөйлеуі. Осы арқылы тілші ең маңызды әрі қызықты деген ақпараттарды сізге – көрерменге жеткізеді. Ал бұл өз кезегінде, материалды әрлей түспек.

Кейін қалам мен микрофон шеберлері блокнотына түртіп, көкейіне тоқып алған ақпарды жүйелеп, мәтін жазады.

Саят Ермек – тілші:


– Тыныштық мұнда тек жұмыс күні аяқталғанда, яғни түнгі уақытта ғана орнайды. Ал күн ұзаққа журналистер жұмыс істейтін бөлмеде пернетақтаның тақылы мен телефонның шылдыры. Былай қарағанда, ой жинақтап, болашақ материалдың мәтінін жазу үшін қолайсыз орта. Алайда, бұл ортаға тілшілердің еті әбден үйренген. Сапалы жаңалықтарды жасауда бұл шу бізге еш кедергі жасамайды.

Дайын мәтіннің дыбысқа айналатын жері – осы. Көпке таныс дауыстардың бәрі осында жазылады. Ал мынау – дыбыс пен бейне біріктірілетін бөлме. Мұнда болашақ видеосюжет монтаждалады. Көрерменнің көзі көріп, құлағы еститін материалды кәсіби бейнеинженерлер, өз ісінің хас шеберлері жасайды. Осының бәрі үшін бірнеше сағат қана бар. Дайын материал міндетті түрде редакторлардың тексерісінен өтуі тиіс. Редакция тізгігіндегі бұл жандар – басшы ғана емес, тілшілердің ақылшысы, досы әрі ұстазы. Яғни, сіз сүйіп көретін жаңалықтарды жасау жолында тек түсірілім тобы ғана емес, тағы ондаған адам еңбектенеді. Әрқайсысының орны ерекше. Сондықтан, бүгінгі күн – бұл жандардың да кәсіби мерекесі. Біз аптасына жеті күн, әр мереке-мейрамда біргеміз, әрі күннің басым бөлігін ұжыммен бірге өткіземіз. Сондықтан болар бір-бірімізге әріптес қана емес, дос әрі бауыр ретінде қараймыз. Себебі, күрмеуі көп бұл қызметте бірлесе жұмыс істеу – сапалы контент жасаудың басты шарты.

 

Саят Ермек