Қоғам

Петропавлда ашық есіктер күні өтті

Бүгінде облыс бойынша 64 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Соның 16-сы өңір аудандарында тіркелсе, қалғаны шаһарда түрлі жобаларді іске асыруда. Бұл ұйымдардың жұмысы жайлы біреу білсе, енді бірі білмейді. Осы мақсатта облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма ашық есіктер күнін ұйымдастырды.

Гүлдана Рысбаева – СҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бөлім басшысы:


– Мына жастар осы өтіп жатқан шараға келіп, өздерінің сұрақтарын қоюда. Жалпы осы үкіметтік емес ұйым арқылы олардың атқарып жатқан істерін біле алады. Облысымызда 2,7 пайыз жұмыссыз жастар саны тіркелген. Олар бүгін осы акцияға келіп, уақытша жұмысқа тұра алады.

Осы жолғы шарада 8 үкіметтік емес ұйымның қызметімен танысуға мүмкіндік туды. Мәселен, облыстық “Жасыл ел” штабының мамандары жастарға жазғы уақытта қаржы табу жолдарын түсіндіріп, өз қатарларына қосылуға шақырды.

Асқар Баймұқанов – “Жасыл ел” СҚОФ штабының басшысы:


– Біз студенттерге өңірлік штабтың жұмысы жайлы баяндадық. Отрядқа 18 бен 29 жас аралығындағы жерлестерімізді қабылдаймыз. Оылайша олар 2 ай бойы ақша тауып, табиғатқа да пайдаларын тигізе алады.

“Сити молл” сауда орталығында өткізілген ашық есіктер күніне жастар көптеп жиналды. Олар осы іспеттес шаралар мүмкіндігінше жиі өткізілсе дейді.

– Жаңа ғана “Жасыл ел” өкілдерімен тілдестім. Олар мені уақытша жұмысқа тұруға шақырды.

– Осындай ұйымдардың қызметін, олардың біз сияқты жастарға қалайша көмектесе алатындарын білдім. Болашақта осы орталықтардың біріне мүшелікке ену ойымда бар.

Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мамандары келесі ашық есіктер күнін күз уақытында өткізбек.

Бахыт Садвокасов