ТЖ

Өңірде жыл басынан 2 адам суға кетті

Өңірде биылғы алғашқы суға кету фактісі маусымның 9-шы жұлдызында Қызылжар ауданында орын алды. Ол күні Новоникольское елді мекені жанындағы көпірден 7 жастағы баланың Есіл өзініне құлап кеткені ел есінде. Жеткіншекті құтқарушылар 6 тәулік бойы іздеп, мәйітін тапты. Ал, екінші оқыс оқиға өткен жексенбіде тіркеліпті.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:


– Соңғы оқиға Есіл ауданына қарасты Мектеп ауылы маңында орын алды. Онда мамандар суға батып кеткен 17 жастағы баланы су астынан алып шықты.


Жасөспірімнің нақты не себептен қаза болғаны әлі күнге жұмбақ күйінде қалып отыр. Тек оның өзен астындағы тасқа соғылуы, не болмаса сіңірі тартып қалуы мүмкін деген болжам ғана бар. Анығы жерлесіміз суға ішімдік ішіп түскен. Бұдан бөлек, бринфингте балалардың терезеден құлап кету жайы да айтылды. Соңғы 5 ай ішінде елімізде мұндай жағдай 14 мәрте тіркелген. Жантүршіктірерлік оқыс оқиға 26-шы маусымда Петропавлда да орын ала жаздады. Абырой болғанда мамандар Жамбыл көшесіндегі 170 үйдің 4-ші қабытындағы терезеде тұрған бүлдіршінді аман алып қалыпты. Жиыннан соң құтқарушылар журналистерге арнап Есіл өзенінде рейд ұйымдастырды.

– Рейд қалалық жағажайдан бастау алды. Біз қазір қайыққа мініп, Есіл өзені бойымен қаламыздың 20-шы ықшам ауданына қарай бара жатырмыз. Жол жөнекей балықшыларды және суға түсуші жандар кездесуі әбден мүмкін.

Біз күткен жандар алдымыздан көп ұзамай шықты. Бірнеше жерде өзенге қармақ салған балықшылар отыр. Оларға облыстық төтенше жағдайлар және ішкі істер департаментінің қызметкерлері сақтық шараларын ескертіп, жаднама қағаз тарататты. Ал, 20-шы ықшам ауданға жеткенде шомылуға келген 11 жастағы 2 баланы жолықтырдық.

Мамандар қос баланың да ата-анасына телефон шалды. Оларға ұлдарының Есіл өзеніне түсуге келгендігін айтып, қараусыз қалдырмауды ескертті. Жалпы, құтқарушылар мұндай рейд шарасын күн сайын өткізеді. Онда 30-ға тарта адамға сақтық шараларын ескертіп, жаднама қағаздарын таратады екен.

Сергей Черкасов – СҚО ТЖД ЖҚЖ құтқару бөлімшесінің басшысы:


– Қазір ауа райы жылынып келеді. Осыған байланысты суға шомылушы жандардың қатары артып жатыр. Әсіресе, рұқсат етілмеген жерге түсетіндердің саны көп. Оларға біз белгіленген аумақта ғана уақыт өткізуге болатынлығын ескертеміз. Ол қалалық жағажай және Пестрое көлі.

Айта кетейік, қазіргі күні өңірімізде 58 демалыс орны бар. Әзірге олардың тек 26-сы ғана мамандардың тексерісінен өтіп, халықтың шомылуына рұқсат алған.

 

Байболат Бектемірұлы