Денсаулық сақтау

Облыстық ауруханаға нейрохирургиялық микроскоп алынды

Бұл – нейрохирургиялық микроскоп. Құрылғы облыстық аурухана зертханасына небары 1 апта бұрын жеткізілген. Мұндай аппарат облыстағы өзге емдеу мекемелерінің ешбірінде жоқ. Пайдасы орасан техниканың тілі күрделі емес. Сол себепті де онымен жұмыс істеу қиын емес. Германиядан әкелінген құрылғының құны – 77 млн теңгені құрайды.

Руслан Кремнев – облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Бұл қондырғы бас және арқа миына ота жасауда қолданылады. Оның көмегімен операциялардың уақыты қысқарады. Сондай-ақ, науқастар тез арада қалыпқа келеді. Жаңа заманауи аппарат тұрғындарға біршама сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бермек.

Бұл аппарат қарапайым көзге көріне бермейтін шағын микроағзаларды анықтауға мүмкіндік береді. Өйткені, операция барысында ота аумағы 12 есеге дейін үлкейтіп көрсетіледі. Жалпы, бұған дейін омырқа бойында 6-7 см тілім жасалса, нейрохирургиялық микроскоп оны 3-4 см-ге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Тың құрылғының пайдасын көргендердің бірі – Ғалия Ниденс. Уәлиханов ауданының тұрғыны омыртқааралық диск жарығы мазалағандықтан, дәрігерлердің көмегіне жүгініпті. Ал кеше оған ота жасалды. Жерлесіміз сәтті ем-дом шараларынан кейін біраз жақсарып қалғанын айтады.

Ғалия Ниденс – пациент:

– 3 ай бұрын белім ауыра бастады. Біраз уақыттан соң,тіпті, аяғымды баса алмай қалдым. Ауруханаға келгеніме 1 күн болды, мені жақсы қарап жатыр. Ота жасатқаныма еш өкінбеймін.

Ендігі кезекте, облыстық аурухананың дәрігерлері жаңа аппараттың мүмкіндіктерін барынша пайдаланбақ. Жарты жылдың ішінде озық үлгідегі құрылығының көмегімен 100 адамға ота жасау көзделген.

Молдир Макишева