Мәдениет

“Мағжан көктемі” фестивалінің гала-концерті өтті

Әр екі жыл сайын “Мағжан көктемі” республикалық өнер фестивалі еліміздің ең өнерлі жандарының басын қосады. Бұл – бесіншісі. Ол ерекше, себебі, жыр пайғамбарының 125 жылдығына арналған. Бұл жолы теріскей өңіріне бұған дейінгі 4 фестивальда топ жарып, үздік шыққан ақындар, композиторлар мен сөз шеберлері келді.

Олар сынға түспеді, сөз бен ән жарыстырмады. Тек қорытынды жасады. Алдымен Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын дәріптеуде ерен еңбегімен ерекшеленген азаматтарға ақынның мерейтолық төс белгісі табысталды.

Шара үздік туындылар орындалған ауқымды гала-концертке ұласты.

Мәселен, бұл ән Мағжан Жұмабаевтың “Жан жарымды бір сүйейін түсімде” атты өлеңіне жазылған. Оның авторы көкшелік композитор, мәдениет қайраткері – Құрмет Сақай. Оның бұл туындысы төртінші “Мағжан көктемінде” жүлдеге іліккен.

Құрмет Сақай – ҚР мәдениет қайраткері, композитор, Көкшетау қаласы:


– Бірінші фестивальде “Туған жер” өлеңіне ән жазып, үшінші орын алдым, ал былтыр – бірінші орын. Мағжан өлеңдеріне ән жаза отырып, біз халықты оның шығармашылығымен таныстырамыз.

Тағы фестиваль лауреаттары – Елена Әбдіқалықова, Әділғазы Қайырбеков пен Ұларбек Байтайлақ сынды дүдүл ақындар өздерінің Мағжанға арнауларын оқып берді. Бұдан бөлек ақиық ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп, мәнерлеп тұрып оқу шеберлері де өнерлерін ортаға салды.

Бұл – Мағжанның көпке әйгілі “Жәмиләсі”. Жырды Маңғыстау облысынан келген әріптесім, журналист – Әлия Бекішова естігеннің көзіне жас ұялатып, жүрегін елжіретерліктей етіп оқыды. Өткен байқауда бұл өнері үшін Әлия қыз “Мағжан өлеңдерін мәнерлеп оқу” номинациясында топ жарған.

Әлия Бекішова – IV “Мағжан көктемі” республикалық өнер фестивалінің жеңімпазы, Маңғыстау облысы:


– Өте жақсы қарсы алды, Маңғыстаудан мерейтойға әдейі келдім. 4 фестивалде топ жарғандардың ішінен тек екі адамды шақырыпты. Солардың бірі менмін. Өте қатты қуандым.


Жалпы гала концертте көрермен назарына 15-тен астам туынды ұсынылды. Мағжан өлеңдеріне жазылған әндер, заманауи ақындардың жырлары мен мәнерлеп оқу шеберлерінің өнері залдағы бұқараны бей жай қалдырмады.

– Мағжанның мерейтойы әжептәуір жақсы өтіп жатыр. Бәрі тамаша болды.


– Концерт ұнады. Елге әйгілі тұлғалар мағжан өлеңдеріне тамаша әндер жазыпты. қуанып қалдым.

Саят Ермек