Денсаулық сақтау

Облыстық балалар ауруханасы заманауи құрылғылармен толықты

Салтанатты рәсімнен соң, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Олег Завьялов жиналғандарды мекемедегі заманауи құрылғымен таныстыруға көшті. Мынау – кореялық Самсунг модельді сандық ренгент аппараты. Оның құны 49 млн теңге. Басты ерекшелігі – барлығы цифрлы түрде, яғни, компьютер арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ, ақпаратты онлайн режимінде әлемнің басқа ауруханаларына жіберуге мүмкіндік бар. Оған қоса, уақыт та үнемделеді. Егер бұрын бір процедураға 15-20 минут жұмсалса, қазір пациентті айнаға түсіріп, нәтижесін алу небәрі 1-2 минуттың ішінде жүзеге асады.

Олег Завьялов – облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

– Бұл құрылғының көмегімен жарты жылдың ішінде 2000-ға жуық балаға рентген жасадық. Барлығы анық көрінеді. Тағы бір артықшылығы – бұрын рентген кескіні касета арқылы шығарылатын, ал қазір принтерді қолданамыз. Бұл өте ыңғайлы. Осыған дейін 10 жыл көлемінде Сименс аппараттарымен жұмыс істедік. Жалпы мұндай құрылғыларды қолдану мерзімі – 5 жыл.

Ал мынау – ультрадыбыстық сканер. Оны алуға 24 жарым млн. теңге жұмсалған. Сканер 4 датчиктен тұрады. Жыл басынан оның көмегі 5000-ға жуық жеткіншекке тиіпті. Айта кеткен жөн, қос құрылғы “Асыл Мирас” қайырымдылық қоры бөлген қаражатқа сатып алынды. Аталмыш ұйым жыл сайын тамызда “Бурабайк” фестивалін ұйымдастырып, жиналған қаржыны науқас балаларға және ауруханаларға бөледі екен.

Марат Айтмағамбетов – “Асыл Мирас” қайырымдылық қорының директоры:

– Біздің фонд “Бурабайк” фестивальде велошеру, кейін аукцион өткізеді. Түрлі спорттық шаралар ұйымдастырады. Соның нәтижесі бойынша өткен жылы 168 млн. теңге жиналды. Оның барлығы ауруханаларға медициналық құрылғылар сатып алуға жұмасалды. Соның ішінде 80 млн. теңгеге жуық қаражат осы ауруханаға бөлінді. Жалпы фонд 4 жыл ішінде 500 млн. теңгедей қаржы жинады.

Алдағы уақытта “Асыл Мирас” қоры Шал ақын ауданындағы ауруханаға да жаңа құрылғылар алу үшін қаржы бөлуді жоспарлап отыр.

Молдир Макишева