МТРА жаңалықтары

Денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер

Тегін медициналық көмектің жаңа моделін енгізу үш кезеңнен тұрмақ. Алғашқысында мемлекет қаржысы есебінен көрсетілетін медициналық қызметтердің көлемі нақтыланып, оңтайландырылатын болады. Нәтижесінде жаңа базалық жәрдем түрін құру көзделген. Ол Елбасының биылғы Жолдауына сәйкес 2018-ші жылдың екінші жартысында жүзеге асырылғалы отыр.

Лариса Гордеева – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” ҰАҚ СҚОФ директоры:


– Екінші кезең сақтындырылған адамдарға арналған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жаңа пакетін құруды қарастырады. Ал, үшінші ең соңғы этапта медициналық технологияларды дамытуды ескере отырып, тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тізімдерін үнемі жаңартып отыру көзделген. Олар 2019 және 2020 жылдары атқарылатын болады.

Бірінші кезеңде атқарылған талдаулардың нәтижесінде осыған дейін міндетті диспансерлік бақылауға алынып келген ауралар санын 25 топқа дейін азайту көзделген. Оған қоса, диагностикалық көмек те оңтайланады. Нәтижесінде дәрігерлерден 16 түрлі кеңес алу қысқарады және тізімнен 1000-ға жуық қажетсіз, ескірген қызмет түрі жойылады. Учаскелік дәрігерлердің консультация сақталады. Сондай-ақ, базалық пакет аясында тұрғындарға жедел жәрдем мен санитарлық авиация қызметтері тегін көрсетіледі. Оған қоса тәуліктік стационарға шұғыл түрде кез-келген адам жата алады. Ал медициналық оңалту – туберкулез дертіне шалдыққандарға ғана көрсетіледі.

Лариса Гордеева – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” ҰАҚ СҚОФ директоры:


– Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында ҚР азаматтарына, оралмандарға, ел аумағында тұратын шет елдік тұрғындарға қызмет көрсетіледі. Ал, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы жәрдем сақтындырылған адамдарға жүргізіледі. Ол кісілерге жұмыс берушілері міндетті түрде жарна аударып тұрулары тиіс.

Брифинг соңында тегін дәрі-дәрмек жайы да сөз болды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жергілікті филиалы директорының айтуынша мұндай ақысыз қызмет әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққан адамдарға көрсетіледі.

Байболат Култанов