Көлік және жолдар

Биыл Петропавлдағы 10 көшеге орташа жөндеу жүргізілмек

Облыс орталығындағы Жамбыл Жабаев көшесі тәулік бойы көлік нөпірі толастамайтын көшелердің бірі. Сәйкесінше, мұндағы жол жыл сайынғы жөндеуді талап етеді. Осы орайда, биыл бас көшенің Қарасай стадионынан Шухов көшесі аралығындағы тас жолы жаңартылмақшы. Осы күні маңызды шаруаны атқаруға жауапты мердігер серіктестік, көше бойындағы жиектастарды ауыстырып жатыр. Бұдан соң, негізгі жұмыс – асфальт төсеуге кіріспек.

Аян Қасымов – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы:

– Жамбыл көшесінің 3,4 шақырымындағы асфальт төсеу жұмыстарын “Гавар компаний” серіктестігі жүргізуде. Бұл шаруаны атқаруға 420 млн теңге бағытталды. Бір ерекшелігі бұл көшенің 6,5 км-не гранитті жиектастар орнатылады. Ал тротуардың 10 мың шаршы метрі жаңартылады деп күтілуде. Сонымен қатар, осы көшеде 11 жаңа автобус аялдамасы орнатылады. Тағы 8 заманауи электр үнемдегіш бағдаршам қою көзделген.

Барлығы, үстіміздегі жылы Петропавлдағы 10 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл мақсатқа ел үкіметі резервінен 1 млрд 801 млн теңге қаржы бөлінген. Жауапты істі атқару талай жылдық тәжірибесі бар 10 мердігер серіктестікке сеніп тапсырылыпты. Олардың 3-еуімен қалалық әкімдік келісімшартқа отырған.

Аян Қасымов – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы:

– Жөндеу жұмыстары Горький, Мүсірепов, Интернационал, Жабаев, Хименко, Сүтішев, Гашек, Егемен Қазақстан, Жеңіс пен Рыжов көшелеріндегі тас жолға жүргізіледі. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы 16 км-ді құрайды. Тағы 23 км жиектастар ауыстырылып, тротуарлар 53 шақырым жерге төселіп, жаңартылады. 51 жолаушылар аялдамасы, 211 жол белгісі мен 17 бағдаршам орнатылады. Жоспарды уақытында орындауға қосымша мердігер компаниялар тартылады. Қазіргі уақытта афальт төсеуге дайындық жүргізіліп жатыр.

Жауапты компаниялар тиісті шаруаны күзге дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Теріскейліктер болса, қаланың өзге аудандарындағы тас жолдарды да естен шығармау керек дейді.

– Жолдарды Бензостройда істеу керек. Тағы Жұмысшы кентін жөндесе болады. Былтырдан қарағанда биыл жақсы жолдың жайы”.

– Көшедегі асфальт қабаты көңілімнен шығады. Шеткері аудандардағы жолдарды жөндесе дұрыс болар еді.

 

Бахыт Садвокасов