МТРА жаңалықтары

Сарытомарда М.Жұмабаевтың 125 жылдығы аталып өтті

Саят Ермек – тілші:


– Мағжан біреу, бар қазақтың жалғызы. Сол жалғыз жыр пайғамбарын еске алуға келген отандастарымызға бүгін сан жетпейді. Жалпы, ұлан асыр той ұйымдастырылған аумақ ақынның туған өлкесі – Сарытомар ауылынан 1,5 шақырымдай жерде орналасқан. Мұнда 30-ға жуық киіз үй, сауда павильондары, алтыбақандар, үлкен сахна және алып ипподром тұрғызылған
.

Қазақтың қамын жеймін деп қаза болған, жырларымен халықтың санасын оятқан дүлдүл ақынға арналған дүбірлі думанның ауқымын асыра сілтеу мүмкін емес. Алдымен алып сахнада өңір актерлері Мағжанның өмірін суреттейтін қойылымдар ұсынды, кейін бұқара облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың аузынан Президенттің құттықтау хатын тыңдады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Мағжан Жұмабаев халқының бостандығы үшін күрескен тұлға. Ол “Шолпан”, “Сана” журналдары мен “Бостандық туы”, “Ақ жол” газеттерінде еңбек етіп, ағарту ісіне зор үлес қосқан. Небәрі 44 жыл мір сүріп, репрессия құрбанына айналған ақын ел есінен шыққан жоқ.

Күллі түркі әлеміне ортақ жыр пайғамбарының мерейтойына жиналған қонақтардың да географиясы ауқымды. Мұнда Ресейден, Әзірбайжан, Қырғызстан мен Түркия, тағы басқа да шет мемелкеттерден ат терлетіп келген меймандар аз болмады. Солардың бірі, соңғы бір ай ішінде Мағжанның 30 өлеңін әзірбайжан тіліне аударған ғалым Рамиз Әскер.

Рамиз Әскер – ғалым, Баку мемлекеттік университеті “Түркітану” кафедрасының меңгерушісі, Әзірбайжан:


– Мағжан – шоқтығы биік ақын. Менің ойымша ол 38 жылы репрессияға ұшыраған қайраткерлердің ішіндегі ең дарындысы, ең ерекшесі. Оның поэзиясы көкейге тез тоқылады. Сондықтан болар, бір айдың ішінде Мағжанның 30 шақты өлеңін еш қиналмастан әзірбайжан тіліне аудардым. Қыркүйекке дейін тағы осыншасын аударып, жинақ қып шығармақшымын. Себебі, Мағжанның творчествосы Әзірбайжан үшін әлі де таңсық.

Бұл күні Алтынай Жорабаева, Досымжан Таңатаровтар сахнаға шығып, елді өнерімен тәнті етті. Қайраткердің туған өлкесі – Сарытомар өңіріне келіп, ән шырқауды қазақ эстрадасының жұлдыздары құрмет санайды.

Алтынай Жорабаева – әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:


– Бұл – ақ түйенің қарыны жарылған күн. Осы тойдың бір мүшесі болғаныма қуаныштымын. Ақиық ақынды еске алып отырған ұрпақтарына Алла жар болсын.

Сахнадан сәл әрірек өңір аудандары тіккен киіз үйлердің алдында халық ойын-сауық құрды. Ал мына жарты киіз үйлердің ішінде аспан астындағы мұражай орын тепкен. Мағжанды әр қырынан танимын дейтіндерге – мархабат. Тағы мұнда ұлттық өнерді кәсіп еткен шеберлермен тілдесіп, ағаш пен металдан жасалған түрлі бұйымдарды тамашалау мүмкін болды. Ал кейбірі көне әдіспен киіз сабау, қыздың жасауына арналған құрақ көрпелерді тігу үрдісін көзбен көрді.

Қағира Дәуенова – құрақ шебері, Қызылжар ауданы:


– Қыздың жасауын дайындау деген біздің өңірде жоқ, тұрмысқа әлі кірмеген. Ал мен жастардың бөлмесіне біркелкі оюмен әрленген жамылғылар, жастықтар, көрпелер мен перделер тігемін.

Бұл думанның мәдени бөлігі. Бұдан бөлек, Қазақстанның әр тұсынан келген үздік спортшылар ат жарыс пен түйе палуанда сынға түсті. Ұлттық спорттың бұл түрлерінен топ жарған екі үздікке өңір басшысы екі жеңіл автокөлік тіккен. Түйе палуан – ең шымыр, қазақша күрестің жілігін шағып, майын ішкен мықты жігіттердің турнирі. Ақтық бәсекеде боз кілемге шыққан петропавлдық Мұхит Тұрсынов елордалық қарсыласы Айбат Секеннен басым түсіп, жеңімпаз атанды. Бірнеше жыл бұрын Қазақстан барысы атанған, тағы әлем чемпионатында топ жарған жерлес палуан – Мұхит осылайша өзінің 9-шы автокөлігін мінді.

Мұхит Тұрсынов – палуан, Петропавл қаласы:


– Бұл палуанмен біз 10 жылдай күресіп жүрміз. Соңғы кездесуде есе жіберіп алған едім. Бүгін есемді қайтардым. Алда “Қазақстан барысы” күтіп тұр. Сонда облыс намысын қорғап шығуға тырысатын боламыз.

Кейін шабандоздар ат жарыстырды. Айналым ұзындығы 2,5 шақырымға созылатын жарыс жолында бұл күні жалпы есепте 60-тан астам сәйгүліктің тұяғы топырақты аспанға көтерді. Олар ұшқыр бәйге, топ бәйге, жорға жарыс пен аламан бәйгеде үздікті анықтады.

Саят Ермек – тілші:


– Қазір бүгінгі күннің ең басты бәйгесі – аламан бәйге жүріп жатыр. 12 сәйгүлік – СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың сыйлығын сарапқа салуда. Сәйгүліктер 17 шақырымды артта таустауы тиіс.

12 шабандозды шаңында қалдырып, су жаңа “Лада грантаны” М. Жұмабаев ауданының атынан шыққан талдықорғандық бозбала Қанат Реимбай мен Василек есімді сәйгүлік жеңіп алды. Осылайша, алдына жан салмайтын тұлпар иесіне 12-ші машинаны сыйлады.

Қанат Реимбай – шабандоз, М.Жұмабаев ауданы:


– Қарсыластар мықты болды, бәрі керемет өтті, бірінші келетінімді білген едім. Сәйгүліктің аты “Василек”. Бұл оның екінші көлігі.

Мағжан Жұмабаевтың рухына тағзым етуге келгендер, бұдан бөлек, ауқымды мерекелік бағдарламадан рухани азықтанды. Жағымды ауа-райы мен тартымды табиғатта тыныққан әр отандасымыз мұндай мерекенің маңызын жоғары бағалап отыр.

– Өлі риза болмай, тірі байымас”,-дейді. Сыршыл ақынның мерейтойын жылда тойлай берейік.

Саят Ермек