Балалар

Облыс орталығында алғашқы IT-сынып ашылды

Бүгінгі балғын – ертеңгі IT саласының маманы. Жеткіншектердің бойындағы бұндай қабілетті уақытында байқап, оны дамыту маңызды. Сондықтан, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен өңірімізде IT орталықтар мен сыныптар ашу көзделген. Соңғысы мектеп оқушыларының сандық сауаттылығын арттыруға бағытталып отыр.

Алексей Деревянкин – «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы СҚО ПҚ Біліктілікті арттыру институтының бөлім басшысы:


– Курс 4 модульден тұрады. Алғашқысы бағдарламалаудың негізін құрайды. Бұл ең кішкентай оқушыларымызға арналған. Олар скретч тілін меңгеріп шығады. Осылайша, анимация мен түрлі ойындарды жазудан хабардар болады. Екіншісі – 3д принтингпен байланысты болса, келесі модульде сайт құрастыру мәселесін қарастырамыз. Соңғысы – робототехникаға арналмақ.

Бұндай IT сыныптар әрбір аудан орталығы мен шаһарымызда іске қосылады. Қазір облыс бойынша мұндай кабинеттердің екеуі өз жұмысын бастап кетті. Алдымен оқытушылар арнайы курстарды тәмамдайды. Ал, тамыз айынан ақпараттық технологиялар сыныбының келем деушілерге есігі ашық болады.

Кеңес Мұқышев – “Нұр Отан” партиясының Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:


– Болашақ мамандарды қазірден бастап дайындау қажет. Сондықтан, партия осындай бағдарламаны жүзеге асыруда
.

Сыныптың салтанатты ашылуына қазақ мектеп гимназиясының оқушылары да қатысты. Балғындардың барлығы компьютер мен смартфондардың негізгі функцияларын бес саусағындай біледі. Жеткіншектер енді ақпараттық технологиялардың көмегімен жаңа дүниелерді меңгермек ниетте.

Гүлім Қайырбай – Қазақ мектеп гимназиясының оқушысы:
– Мен осы курсқа келіп, роботехниканы меңгергім келеді. Осылайша, болашақта анама ас үйде, үй жинауда көмектесетін робот жасағым келеді.

Жалпы, бір жылдың ішінде теріскейлік 1200 оқушыны ІТ факультатив сабақтарымен қамту жоспарланған.

Эльмира Сәдуақасова