Мәдениет

М.Жұмабаевқа арналған көрме ашылды

Іс-шара Мағжанның алғашқы туындыларының бірі – “Айда атыңды, Сәрсембай” атты өлеңмен басталды. Кейін облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет көрмені салтанатты түрде ашып, оның мән-маңызына тоқталды.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Бүгінгі іс-шара – М.Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған үлкен тойдың жалғасы. Мұражайда ақынның өмірі мен шығармашылығымен таныса аласыздар. Тың деректер осы көрмеде ұсынылуда.

Бүгінгі шараға Мағжанның туыстары да көптеп жиналды. Олардың арасында Мәскеуден ат терлетіп келген ақынның немере қарындасы – Гүлнар Большакова да бар.

Гүлнар Большакова – М.Жұмабаевтың туысы:

– Мен Мағжан атамыздың Қаһарман деген ағасының туған немересімін. 9 атамыздың 7-уі репрессияға ұшырады. Әжем мен атам үйде оның жеке заттары мен өлеңдер жинағын сақтауға қорқатын. Себебі, ол кездері халық жауы деген жала жабылатын еді. Әлі есімде, әжем Мағжан атамыздың өлеңдерін жатқа айтатын.

Көрмеде Мағжанның осындай қилы өмірінен сыр шертетін құжаттар мен іс-қағаздардың көшірмелері, отбасылық шежіре және фотосуреттер жайғасқан. Олардың арасында ақынның жайнамазы мен Бибізайыпқа сыйлаған кесесі бар. Сондай-ақ, жиналғандар әдебиет майталманының әр жылдары шыққан кітаптары, ол жайлы жазылған мақалалар мен Петропавлда шыққан “Мағжан” журналын тамашалай алды.

Гүлжауһар Сәдуақасова – облыстық тарихи-өлкетану музейінің әдебиет бөлімінің меңгерушісі:

– Бұл көрмемен біз маусымның 5-і Астана қаласына барып келдік. Енді міне жерлестеріміз де тамашалай алады. Мұнда 90-ға жуық жәдігер қойылды.

Көрме соңында теріскейліктердің назарына “Мағжанның соты” спектакілінен үзінді ұсынылды.

 

Молдир Макишева