Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мағжан Жұмабавтың өмір жолы, шығармашылығы сөз болды

Тар заманда қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, азаттықтықтың ақ таңын аңсап, жастарға сенім білдірген ақын. Ол бір туар тұлға – Мағжан Жұмабаев. Жерлесіміз шолпан жұлдыздай жарқ етсе де, артында мәңгі өлмейтін хат қалды. Оны бүгінгі конферцияға қатысушы жандар жарыса айтып жатыр. Шараны ашқан өңір басшысы Құмар Ақсақалов жиналғандарды мерейтоймен құттықтап, Алаш арасының өмір мен шығармашылын сөз етті.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Заманынан оза туған ақынның еңбектері кейінге азық, болашаққа мұра болды. Оның арманы – туған жерінің бақытты болашағы. Жазғаны – елінің тағдыры, халқының ертеңі. Атқарған жұмысы – бала оқыту, оларға арнап кітап шығару, мұғалім тәрбиелеу. Көргені -қысымшылық, түрме, азап.

Қанатты сөздерден соң залға жиылған дүйім жұрт тарихи сәттің куәгері болды. Ортада ақберен ақынның 125 жылдық мерейтойына арналған “Естелік және мерейтойлық мерекелер” сериясындағы почта маркасы көпшілікке көрсетілді. Оны шараға қатысушыларға облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен Қазпошта АҚ өңірлік филиалы директорының міндетін атқарушы Жанна Омарова таныстырды. Кейін, өңір басшысы атақты жерлесіміздің шығармашылығын зерттеуге қосқан үлесі үшін 19 адамды марапаттады. Оларға “Мағжан Жұмабаев” төсбелгісі салтанатты түрде берілді.

Мұндай құрметке бөленгендердің арасында Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негімов те бар. Ол қайраткердің өмірін Сәбит Мұқановтың “20-шы ғасырдағы қазақ әдебиеті: байшылдық, ұлтшылдық дәуірі” атты 1932 жылы жарық көрген кітабына сүйене отыра зерттепті.

Серік Негімов – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д, Астана қаласы:


– Сол кітапта Мағжанның бүкіл шығармашылығына, оның қоғамдық қызметіне тоқталады. Мағжанның ата-тегіне дейін айтып береді. Қиын кезеңде ондай туынды жазған Сәбит Мұқановтың ісін ерлікпен бағалауға болады.

Бұдан бөлек, жиында Мағжан Жұмабаевқа арналған туындылардың да тұсауы кесілді. Жинақтарда ұлы ақынның қилы өмірі, өлеңдері егжей-тегжейлі суреттеледі. Мұндай еңбектің бірін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай жазыпты.

Зарқын Тайшыбай – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ университетінің профессоры:


– Мағжан 18,19 жасында қандай өлең жазды соның бәрі осы кітапқа еңгізілді. Ол туындылардың “Қазақ”, “Айқап” газеттеріне басылғандығы, сол кезеңде Мағжан туралы кім деді, соны да жаздым.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында баяндамалар оқылды. Мінберден сөз алғандар шоқтығы биік қаламгер жайлы жасаған зерттеулерімен бөлісті. Мұндай жұмысты еліміздегі алғашқы Мағжантанушы атанған Бақыткамал Қанарбаева да дайындап келіпті. Айта кетейік, Қайнар академиясының профессоры жерлесіміз жайлы 4 бірдей кітап жазған жан. Оның еңбектері әлемнің іргелі университеттерінде оқытылып жүр.

Бақыткамал Қанарбаева – Қайнар академиясының профессоры, ф.ғ.д, Алматы қаласы:


– Мен 1998-ші жылы “Жырымен жұртты оятқан” атты кітапты шығардым. Ол туынды қазір АҚШ Гарвард университетінде, Жапонияда, Ұлыбританияда оқытылады.

Марғасқа Мағжанның тойына сонау АҚШ-нан да мұқит асып келген Мичиган университетінің профессоры Тимур Кожаоглу да бар. Азамат ақынның өлеңдерін ағылшын тіліне алғаш аударған жан. Мейман қазақ ұлының шығармашылығына жоғары баға береді.

Тимур Кожаоглу – Мичиган университетінің профессоры, АҚШ:


– Мағжан Жұмабаев – жалғыз қазақ әдебиетінің ғана емес, күллі түркі жұртының шоқтығы биік қаламгері. Мағжанның лирикалық поэзиясы 20-шы ғасырдағы әлем әдебиетінде өзіндік орны бар мұра екендігін сеніммен айта аламын.

Түстен кейін ақынның шығармашылығына арналған секциялық отырыстар өтті. Онда да шараға қатысушылар Мағжан және түркі әлемі, Ұлы даланың құндылықтары: әдебиет, көркем аударма, мәдениет пен тарих жайлы сөз қозғады.

Байболат Култанов