Мәдениет

Булаево қаласында М.Жұмабаевтың ескерткіші орнатылды


Бұл М.Жұмабаевқа Қазақстанда орнатылған алғашқы ескерткіш. 1993 жылы ашылған ол осыған дейін Петропавлдың орталық көшелерінің бірінде тұрған болатын. Енді міне, ақынның кіндік қаны тамған жерге жетіп отыр. Оны осыдан 25 жыл бұрын М.Жұмабаевтың інісі Ғаділша Қаһармановтың бастамасымен мүсінші Марат Айкенов жасаған.

Мағжан Қаһарманов – М.Жұмабаевтың немересі, Астана қаласы:


– М.Жұмабаевтың атын шығарып, шығармаларын танытуға әкем Ғаділша Қаһармановтың қосқан үлесі зор. Ол ақының өмірі мен өлеңдерін зерттеп, мұражайын ашуға, атамыздың атын мектеп, көшелерге беруге де көп еңбек сіңірді. Біздің атамыз Қаһарман Мағжаның туған ағасы болды. Сондықтан біз оның ұрпағы ретінде әкеміздің қалдырған өсиетін жеткізу парызымыз деп санаймыз.

Ғаділша Қаһарманов ҰОС қатысқан. Сондықтан оның балалары әкелерінің соғыста алған орден, медальдары тағылған костюмін Булаево қаласының мұражайына табыстады. Тағы Ғаділшаның ағайындары Жианша мен Ғабдоштың тақтайшаға қағылған суреттерін берді. Ал аудан әкімі Асқар Бегманов Сарытомар ауылының мұражайына Түркісой халықаралық ұйымының кәдесыйын табыс етті. Ескерткіштің салтанатты ашылуына жиылған мектеп оқушылары ақының өлеңдерін оқыды.

Бұдан соң Булаево орта мектебінің жанына орнатылған ескерткіш салтанатты түрде ашалды.

Алдағы уақытта нақ осы мектепке М.Жұмабаевтың есімі берілмек. Тағы аудан орталығындағы орталық көшелердің бірі де ақиық ақының атымен аталатын болады.

Мылтықбай Жұмекенов – М.Жұмабаевтың жиені, Қарағанды облысы:


– Кезінде жастар, қазағым деп Мағжан жырлаған болса, қазір сол қазағы бірнеше күннен бері ақынды ұмытпай тойлап жатыр. Сондықтан жергілікті қауымға, осы шараны ұйымдастырушыларға мың алғыс.

Тағы аудандағы ауылдық округке де М.Жұмабаевтың есімі берілетін болады.

Мағжан Ахмадина