МТРА жаңалықтары

Әлеуметтік кәсіпкерлікті бастау амалдары қаралды

Әлеуметтік кәсіпкерлік жайлы не білесіз? Аталған саланың халыққа тигізер пайдасы қандай? Оны қолға алғаннан кейін қандай қиындықтар туындайды? Бұл сұрақтардың барлығы осы тренингте талқыланбақ. Әлеуметтік кәсіпкерлік елімізде енді ғана дамып келеді. Сондықтан, тұрғындардың да бизнестің бұл түрінен хабары аз. Ал, Эмин Әскеров қайырымдылық пен коммерцияны 3 жыл бойы қатар алып жүр. Дегенмен, азаматты кәсіптен түсетін пайда емес, қоршаған ортаға жасайтын жақсылық көбірек алаңдатады. Ол әлеуметтің әлжуаз тобынына кіретін 30-дан астам тұрғынды жұмыспен қамтуда. Эминнің шеберханасы жиһаз, қолөнер бұйымдарын жасап, киім тігумен айналысады екен. Енді, жинаған тәжірибемен бөлісетін кез жетті.

Эмин Әскеров – «Green tal» әлеуметтік шеберханасының жетекшісі:


– Бизнес ашып, оны жүргізудің өзі қиын. Ал, әлеуметтік кәсіпкерлерге қоғамдағы өзекті мәселерді шешуге септесе отырып, шығынға ұшырамау жайын да ойлау қажет. Бұл оңай шаруа емес. Кейбір іскер азаматтар қаражат жағын ойлап, бастарын қатырады. Негізінде, осы саланың тұтқасын ұстаймын дегендерге жақсы демеушілер табуға болады. Бүгін қаржы табудың тетіктерімен де таныстырамын.

Жиынға қатысушылардың басым бөлігінің өз бизнес идеялары бар. Бірақ, оны жүзеге асыруға қажетті білімдері аздау. Сондықтан, Эмин Әскеровтың әрбір сөзін жерлестеріміз мұқият тыңдап отыр. Тренингке қатысушылардың арасында Дмитрий Тё де бар. «Онкоскрин» қосымшасының авторы үшін әлеуметтік сала жақын.

Дмитрий Тё – облыстық кардиологиялық орталықтың рентген-хирург дәрігері, «Онкоскрин» жобасының авторы:


– Жарты жылдың ішінде «Онкоскрин» қосымшасын 100 мың адам ұялы телефонына жүктеп алды. Мен өз науқастарыммен де жұмыс жасағанда, бағдарлама көмегіне жүгінемін. Осылайша, жобаның арқасынла онкологияның 4 жағдайын таптық. Болашақта, қосымшаны дамытып, барша қазақстандықтардың қолданысына ұсынбақпын. Ал, қазір халыққа арналған тағы бірнеше жобамен жұмыс істеудемін.

Жалпы, елімізде қазіргі таңда 250-ге жуық әлеуметтік кәсіпкер бар екен.

Эльмира Сәдуақасова