Білім

Петропавлда М.Жұмабаевтың бюсты орнатылды

Ұлтын сүйген ұлы тұлғаның 125 жылдық мерейтойына орай орнатылған ақын бюстының ашылу салтанатына Мағжанды пір тұтатын кәрі-жас жиналды. Ақиық ақын бюстінің авторы – Қазбек Сатыбалдин. Алматылық мүсінші 2 ай бойы еңбектеніп, оның таза граниттен қашап шыққан.

Алты алаштың ардақтысы Мағжанға орнатылған тағы бір ескерткіштің алдына жиылғандар Ұлы ақынның рухына тағзым етіп, бюст алдына гүл шоқтарын қойды. Ақынның туған-туыстары болса, жерлестеріне өз ризашылықтарын білдірді.

Тасболат Бекенов – Мағжан Жұмабаевтың немере інісі:


– Мағжанның өзі өлсе де, аты өлген жоқ. Бүгін мынау Мағжандай ұлы адамға орнатылған жаңа ескерткішке келіп тұрмыз. Осы сәтке қуаныш зор. Ақын келешек жастарға сеніп кетті. Соны олар ақтап
жатыр.

Кейін жиналғандар республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция қатысып, қазақ әдебиетіндегі алып тұлғаның шығармашылығына тоқталды.
Ақын әлеуметтік тақырыптарға кеңінен қалам тербеді. Негізінен, ағартушылық, ұлт-азаттық бағытты ұстанатын. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Мағжан осылайша отаршылдыққа қарсы күресті. Сондықтан шенді-шекпенділер оның есімін тарихтан сызбақ болды. Алайда бұқара жақсының атын ұмытпады.

Сабыр Сеңкібаев – Мағжантанушы, п.ғ.к:


– Мағжанды көбісі тек поэзия тұрғысынан біледі. Ал, ақынның негізгі мамандығы мен өмірі педагогикамен байланысты болған. Осы салаға байланысты ұлы тұлға 10 шақты ірілі-ұсақты дүниелер жазған. оның ең бастысы “педагогикалық оқулығы” деп аталады. Жалпы, Мағжанға байланысты 1980-ші жылдан 2000 жылға дейін 80-ге жуық кітаптар жарық көрген.

Ұлы азаматтың “педагогика” кітабын айтулы датаға орай, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжінің оқытушы-шығармашылық тобы орыс тіліне аударған.
Сондай-ақ, конференцияға еліміздің түрлі қалаларынан арнайы келген мағжантанушылар, ғалымдар мен профессорлар өзге де зерттеулерімен бөлісті. Ал ресейлік және тәжікстандық колледждер мен университеттердің оқытушылары бұл ғылыми-тәжірибелік конференцияға сырттай қатысты. Олар өз жұмыстарын электронды түрде жіберген.

Альмира Жетписбай