МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызметшілер марапатталды


«Мемлекеттік қызмет – ұлтқа қызмет ету». Бұл мамандық иелері атқаратын шаруаларының маңызы айтпаса да белгілі. Аталған салада еңбектену барлығының қолынан келе бермейді. Мамандардың жұмысы терең білім мен іскерлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті талап ететінін облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет атап өтті.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:


– Жоғары деңгейдегі сапалы мемлекеттік қызмет – әр елдің басты жетістіктерінің бірі. Әр ел тиімді, нәтижелі мемлекеттік қызметтің негізінде құрылады.

Салтанатты жиын барысында осы саладағы адал еңбегімен көзге түсіп, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға қосқан үлесі үшін бірқатар мамандар облыс әкімінің құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды.

Марал Молдинова – Тимирязев аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы:


– Менің мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүргеніме 20 жылдай болды. Алғашқы жұмыс күні менің ант қабылдауым әлі есімде. Сол уақытта осындай таңдау жасағаныма еш өкінген емеспін. Мен ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші мен дамуын сараптауға жауаптымын.

Ал, қазір бірнеше маман үшін қобалжулы сәт. Абыройы мол қызметке енді ғана қадам басқан мемлекеттік қызметшілер мереке қарсаңында ант бермек.

Олардың осы салада жұмыс істеп жүргендеріне небәрі жарты жылдай болыпты. Жуырда сынақ мерзімінен өтіп, емтихан тапсырған. Енді жерлестеріміз өздерін мемлекеттік қызметшімін деп нық сеніммен айта алады.

Әділ Аманжолов – Мамлютка қаласы әкімі аппаратының бас маманы:


– Мемлекеттік қызмет жас мамандар үшін қызмет сатысын бастауға жақсы мүмкіндік деп есептеймін. Себебі, мұнда өзіңнің атқарған жұмысыңмен, тигізген пайдаңа қарап өсесің. Сондықтан да, осы саланы таңдадым.

Жиында мемлекеттік қызметте үлгілі еңбек етіп жүрген азаматтарды тәрбиелеп шығарған отбасылар да марапатқа ие болды. Солардың бірі Зәйтөн және Гүлнәр Бейсеновтeр. Ерлі-зайыптылардың өсірген 4 ұлы қазір ел дамуы жалында аянбай еңбек етуде. Кіші балалары Ержан үздік мемлекеттік қызметші атанды. Азамат «Болашақ» бағдарламасы бойынша Германияда экономика мамандығында білім алыпты.

Гүлнәр Бейсенова:


– Алдымен, журналистика мамандығына оқу түсті. Кейін шетелге білімін жетілдіруге аттанды. 5 жыл білім алған соң Отанына оралып, елінің дамуына еңбек етіп жүр. Қуаныштымыз.

Салтанатты шара соңында мемлекеттік қызметішелір мерекелік концертті тамашалады.

Эльмира Садвокасова