Құқық қорғау органдары

Бүгінгі күннің батырлары

Үстіміздегі жылғы ақпанның 13 жұлдызы Сұлтан Қуанышевтың есінде ұзақ сақталары айдан анық. Бұл күні ол әріптесі Руслан Мәкеновпен бірге 19-шы ықшам ауданда кезекшілік атқарып жүріпті. Қызмет кезінде қос полицейге шұғыл хабар түскен.

Хабарды ала сала тәртіп сақшылары Былғары зауытына қарай бет алады. Мамандар жылдам әрекет етіп, төтенше жағдай тіркелген жерге небәрі 5 минуттың ішінде жеткен. Оқиға орнына келген Руслан бірден үйдің маңын бақылауға кірісіпті. Ал, Сұлтан болса баспана ішіне беттеген.

Сұлтан Қуанышев – Петропавл қалалық ІІБ жол-патрулдік полиция ботальонының полицейі:


– Үйдің жанына келгенде көршілер баспанада зейнеткердің қалғанын айтты. Мұны естіген соң ойланбастан нысан ішіне кірдім. Есік ашқанымда қою түтін сыртқа бұрт ете түсті. Бөлмені аздап желдетіп алып, үйге ендім. 2-3 метр тізерлеп жүрген едім, қарияны байқадым. Оны көтеріп сыртқа шығардым.

Бұл оқиғаның барысы сержанттың видеожетонына жазылып қалған. Онда полицейдің қою түтіннің ішінен зейнеткерді алып шығып, дәрігерлерге тапсырғаны көрінеді. Төтенше жағдай 73 жастағы жерлесіміздің денсаулығына біраз зардап тигізіпті. Қария реанимацияда ес-түссіз 8 күн бойы жатыпты. Кейін есін жиғанда тәртіп сақшысына алғысын білдіріпті. Бұл ісін Сұлтан ерлікке баламайды. Тек, қызметтік міндетімді өтедім дейді.

Сұлтан Қуанышев – Петропавл қалалық ІІБ жол-патрулдік полиция ботальонының полицейі:


– Мұндай сәтте кез-келген адам осындай қадамға барар еді деп ойлаймын. Сол себепті ерлік іс жасадым деп айта алмаймын. Мұндай жағдай менің өмірімде бұрын да болған еді. 13 жасымда шұңқырға түсіп кеткен бүлдіршінді құтқардым. Өзіме халыққа көмектескен ұнайды. Бұл полицей мамандардың бірінші қасиеті деп білемін.

Құқық қорғаушылардың ерлігі елеусіз қалмады. Оларға облыстық ІІД атынан алғыс хат пен ақшалай сыйақы табысталыпты.

 

Култанов Байболат