Құқық қорғау органдары

СҚО ІІД ашық есіктер күні өтті

23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орайластырылған ашық есіктер шарасына орай облыстық ІІД-нің қызметкерлері жерлестерімізге озық техникасын көрсетіп жатыр. Жиылғандар әсіресе, қылмыстың ізін суытпай ашуға арналған команда-штабтық жүк көлігі, бейнебақылау камералары орнатылған жеңіл көліктер мен брондалған “Тигр” темір тұлпарына ерекше қызығушылық танытты.

Тигр көлігі түрлі әскери операцияларда қолданылады. Әйнектеріне дейін брондалған көліктің ішіне 10 шақты сарбаз еркін сыйып кетеді. Қауіпті жағдайлар туындаған жағдайда, мәселен, бір ғимаратты содырлар қоршап алатын болса, «Тигр» көлігімен жақыннан ұрыс амалдарын жүргізе беруге болады. Бұл темір тұлпардың салмағы – 7600 кг тең, ал оның жүк көтергіштігі 1500 келіні құрайды.

Сағындық Темиреев- СҚО ІІД кадр жөніндегі басқарма басшысының орынбасары:

– Бүгінгі іс-шарада тұрғындар ІІД-нің ғимараттарын аралап, қызметкерлердің күнделікті жұмысымен таныса алады. Сонымен қатар, жиылғандар үшін департаменттің мұражайын көру мүмкіндігі туды. Сондай-ақ, бүгін қалалық ІІБ “психологиялық бөлменің” ашылу салтанаты өтеді.

Ал, мына жерде жұртшылық жылжымалы криминалистік зертхананың жұмысымен таныса алды. Бұндағы құрылғылардың ауыр және аса ауыр қылмыстар орын алғанда және жол-көлік оқиғасы кезінде полицейлерге көмегі орасан зор.

Александр Хлевов – СҚО ІІД ЖКБ бас криминалисті:

– Бұл автокөліктегі жабдықтың көмегімен қызметкерлер қылмыс орындарын зерттейді. Криминалистік зертханада барлық қажетті құрал-жабдықтар бар. Олар: криминалисттік және биологиялық чемодан, GPS навигатор, фото және бейне құрылғылар.

Сондай-ақ, шараға келгендердер кинологиялық орталықтың қызметімен де танысып, ондағы иісшіл иттердің жұмысын көрді.

–  Техниканың арасынан маған ұнағаны – көк жүк көлігі. Автокөлік брондалған екен. Және маған иісшіл иттер ұнады. Джесси атты ит өте жақсы екен.

– Маған да көк машина ұнады. Көліктің ішінде әр түрлі қызметтерге жауап беретін батырмалар көп екен. Сондай-ақ, мен алғаш рет қалқанды киіп көріп көрдім. Салмағы ауыр емес екен.

Ал, шара соңында жерлестеріміз полиция қызметінің өткені мен бүгінінен сыр шертер мұражайдағы ақпаратқа қанықты.

Альмира Жетпісбай