Спорт

Петропавлда муай-тайдан республикалық турнир жалауын көтерді

Дүбірлі дода осымен 5-ші рет ұйымдастырылып отыр. Биыл турнирде еліміздің әр өңірінен, сондай-ақ, Ресейден ат терлетіп келген 300-ге жуық спортшы бақтарын сынайды.

Иван Ван-Хон-Тун – турнирді ұйымдастырушы:

– Сайысқа 6 және 17 жас аралығындағы жеткіншектер қатысады. Олардың арасында Қазақстан және Әлем чемпиондары бар. Спортшылар 20-дан 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күштерін сынайды. Жалпы турнирдің жеңімпаздары шілденің 24-ін анықталады. Сол күні кәсіпқой спортшылар да өзара сынға түседі.

Жекпе-жектің шымылдығын 30 келі салмақ дәрежесіндегі алматылық Тұрар Дүйсехан мен Қостанай қаласынан келген Алан Мырзахан ашты. Тұрар муай-таймен 4 жыл көлемінде айналысып келеді. Бұл оның Петропавлдағы 2-ші кездесуі. Өткен жылы жеткіншек өз салмақ дәрежесінде 1-ші орынды иеленген екен. Жекпе-жек барысында спортшылар бір-бірімен соққы алмасып, кезекпен шабуыл жасасты. Екеуінің де жеңіске деген талпынысы байқалады. Алайда, Тұрар қарсыласының осал тұсын тауып, оны техникалық нокаудқа түсірді.

Тұрар Дүйсехан – турнирге қатысушы, Алматы қаласы:

– Қарсыласым мықты болды. Соған қарамастан, жеңіске жеттім.

Келесі болып рингке осы салмақ дәрежесінде петропавлдық пен қызылордалық спортшылар шықты. Бірінші минуттардан-ақ, жерлесіміз өзінің басымдығын көрсетіп, қарсыласын соққының астына алды. Осы қарқында жұдырықтасқан 10 жасар жеткіншек, есеп бойынша жеңіске жетті.

Илья Дружинин – турнирге қатысушы, Петропавл қаласы:

– Қарсыласымды осыған дейін білген едім. Бүгін міне жекпе-жек өткіздік. Бапкерімнің айтқан барлық кеңесін тыңдап, жеңіске жеттім. Жалпы муай-таймен 3 жыл көлемінде айналысамын.


Турнирде жеңіске жеткен спортшылар тамыз айында Тайландта өтетін әлем чемпионатына жолдама алады.

Молдир Макишева