Балалар

Болашақ жаңалық жаршыларының кездесуі өтті

 

Мына жеткіншектер – болашақ журналистер. Олар осы мамандықтың қыр-сырымен мектеп қабырғасынан таныс. Соның бір дәлелі – “Пробы” кітабы. Туындыда жас қаламгерлердің мақалалары жинақталыпты. 2017 жылы аталмыш кітаптың бірінші томы басылған. Ал енді журналистер күніне орай болашақ жаңалық жаршылары жинақтың екінші бөлімін жарыққа шығарды.

Оскана Ефремова – Бескөл орта мектеп-гимназиясындағы журналистика мен әдебиет үйірмесінің жетекшісі:

– 2-ші томға оқу жылы басталғалы жазылған мақалалар кірді. Оның ішінде мұғалімдердің де оқушылардың да еңбектері бар. Үйірмеге қатысушыларға “Маяк ” және “Солтүстік Қазақстан” газетінің тәжірибелі журналистері көмектесіп, қолдау көрсетті.

Екатерина Спиридонова – жас қаламгер. Ол журналистика және әдебиет үйірмесіне бір жыл қатысып келеді. Достарымен бірлесіп жергілікті “Прожектор” газетін шығаруға да ат салысады. Баспасөз бетінде өзінің талай мақаласын жариялапты. Сондықтан Екатерина болашақта өмірін тілші мамандығымен байланыстырмақшы.

Екатерина Спиридонова – Бескөл орта мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Үйірмеде тілшілік қызметтің теориясымен таныстым. Мәселен, мәтін стильдері, оны өңдеу, ықшамдауды үйрендім. Бұл маған болашақта керек болады.

Айта кеткен жөн, жас қаламгерлер келесі жылы “Пробы” кітабының 3-ші бөлімін жарыққа шығармақшы.

Дана  Ешкенова