МТРА жаңалықтары

Әріптестік аясы кеңеюде

Өңіріміз 80 елмен әріптес. Солардың ішінде ең жақыны – құдайы көршіміз ресейліктер. Жыл басынан екі елдің арасындағы тауар айналымы артқан. Айталық, өткен жылмен салыстырғанда биыл теріскейдің көршілерімізге экспорттаған өнімі 30 пайызға өсіпті. Мұны Омбы облысынан келген делегациямен кездесу барысында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов айтты. Жалпы екі өлке басшыларының бұл осымен екінші кездесуі. Бірақ әр кезде олар әріптестік орнату жайын көздеп, бір-біріне тиімді болатын жобаларды ұсынады. Бүгін де солай болды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Терең тарихы бар «Зиксто» зауытында биыл вагон құрастыратын жаңа цех ашпақшымыз. Оған 25 млрд теңге инвестиция құю көзделген. Өйткені, астық жиылған уақытта вагон тапшылығы сезіледі. Сондықтан бізге мұндай кәсіпорын керек-ақ. Осы серіктестікке қаржы құйып, жұмыс істеймін деген бизнесмендер болса, әріптестікке әзірміз. Мұнай-газ саласына қажетті құрылғыларды шығаратын Петропавл ауыр машина жасау зауыты мен «Мұнаймаш» кәсіпорындарының өнімдерін де сіздерге жеткізу мүмкіндігі бар. Біз зерттеп көрдік, тауарымыз өзгелерге қарағанда арзанырақ.

Ресейліктер өңірімізде жасалған техникамен жақсы таныс. Өйткені олар «Авагро» серіктестігі дайындайтын көліктерді жақсы алады. Тағы облыс әкімі Құмар Ақсақалов елімізде инвесторларға жасалған жағдайлар жайлы айтып, туризм саласында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Тағы өңір жетекшісі екі өлке студенттерін алмастырып оқытып, оларға әкім мен губернатор грантын бөлуді ұсынды. Омбылықтар мұндай ұсынысқа қарсы емес екендіктерін жеткізді. Кейін сөз алған Омбы облысының губернаторы ең алдымен теріскейліктерді ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойымен құттықтады. Александр Бурков жерлесіміздің Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқығандығын тілге тиек етті. Бұдан бөлек, губернатор теріскейдің күн сайын дамып келе жатқандығын да айтып өтті.

Александр Бурков – Омбы облысының губернаторы, РФ:

– Бүгіндері өңірлеріңізде машина жасау саласының қарқын алғандығын да көріп отырмыз. Осы ретте бір-бірімізге құрал саймандарды жеткізіп отыруға да болады. Тағы мен Солтүстік Қазақстан жерінде іс ашқысы келіп отырған «Сиб Завод Агро» кәсіпорынына қолдау көрсетсеңіздер екен деймін. Олар қазір осы аймақта жер телімін іздестіріп жүр. Бірлескен зауыт егістікке қажетті техника жасап шығармақ ниетте. Тағы біздер ескі тракторларды жөндеуге арналған зауыт ашамыз ба деген ойдамыз. Ол екі жақ үшін де қажет кәсіпорын болмақ.

Құмар Ақсақалов техниканың тозығы жеткендігін айтып, бұл салада әріптестік орнатуға болады деп, ұсынысты қолдады. Ауылы аралас, қойы қоралас көршілес екі аймақ IT технологиялар саласында да жұмыс істеуге ниетті. Жиын соңында қос тарап бірқатар салаларда әріптестік орнату жөнідегі мемарандумдарға қол қойды.

Бұдан соң екі өңірдің басшылары жиынды қортындылап, журналистерге сұхбат берді. Онда Құмар Ақсақалов екі облыс шекарасында өте алмай кезек күтіп тұратындардың мәселесін шешуге болатындығын айтты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бүгіндері шекарадан өтерде қыс мезгілінде адамдар көп болмаса жазда көп адамдар тұрып қалады. Бұл процедуларды екі жақтан да жеңілдетуге болады деп отырмыз. Осы ретте біздер цифрландыруды пайдаланып жасауға болады деп есептеймін.

Өз сұхбатында Омбы облысының губернаторы Александр Бурков Құмар Ақсақаловтан үлгі алатындығын айтты.

Александр Бурков – Омбы облысының губернаторы, РФ:

 

– Өңір аумағында жасалып жатқан ауқымды жұмыстар көз сүйсіндіреді. Мұның барлығы басшының арқасында. Тек экономиканы дамытуға ғана басымдық біріліп жатқан жоқ. Әлеуметтік салаға да үлкен қолдау көрсетіледі. Бүгінгі кедесуде бірқатар салаларда әріптестік орнату жайында сөз қозғалды. Негізінде келісімдер ауыл шаруашылығы және өндіріс салаларын қамтиды. Жалпы қазіргі таңда екі елдің 200-ден астам біріккен жобасы сәтті жұмыс істеуде. Келешекте бұндай кәсіпорындардың саны арта түсуі ықтимал.

Орайын пайдаланып қалған губернатор теріскейліктерді тамыз айының соңында Омбы қаласында «ТМД және ЕАЭО елдерінде жасалған» атты айдармен өтетін көрме-жәрмеңкеге шақырды. Ұсыныс жерде қалмады. Өңір жетекшісі шақыртуды қабыл алды.

Мағжан Ахмадина