Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысын дамыту жоспары әзірленбек

Атқарылған шаруаны таразылап, кемшін кеткен тұстарды анықтау үшін ай сайын осындай жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы қаралады. Көрсеткіштер жаман емес, десе де, өзекті мәселелер де баршылық. Мысалы, жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 43 пайызға төмендеп кеткен. Оған себеп – қазақ зағиптар мен мылқау және құлағындағы мүкісі бар жандардың қоғамдастықтары әлі күнге дейін мемлекеттік тапсырыс алмаған.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Мұндай жағдайға қалай жол берілді? Кім жауап береді? Неліктен бұл жұмысты ешкім қадағаламаған? Онда талай мүгедек жан екі қолға бір күрекпен қамтылып отыр. Енді табыссыз қалатын болды.

Өңір басшысы қарамағындағаларға халықты жұмыспен қамту жайын да тексеруді тапсырды. Бұл көрсеткіштер бойынша Айыртау, М.Жұмабаев және Уәлиханов аудандары көш соңында келеді. Жиында ақиық ақын М.Жұмабаевтың 125 жылдығын тойлау жайлы да сөз болды.

Кемел Оспанов – СҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы:


–  22 маусым өңірге жер-жерден меймандар келеді. Ал 23-і күні М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 5-ші корпусының маңында ақынның ескерткіші ашылады. Жалпы мерейтойға орайластырылған шаралардың ресми ашылуы сағат 11 -де Сарытомар елінде бастау алмақ. Республикалық Мағжан оқуларына биыл еліміздің барлық өңірлері мен Астана және Алматы қалаларынан 60 оқушы қатысатын болады. Тағы ұлттық ойындарға да еліміздің түпкір-түпкірінен спортшылар қатыспақ.

Ал маусымның 25-і күні сағат таңғы 10.00-да М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де «Мағжан Жұмабаевтың мұрасы мен руханият» атты халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференция өтпек. Оған еліміз бен шет мемлекеттердің ғалымдары қатысады. Ақиық ақының 125 жылдығын тойлау шаралары үлкен гала-концертпен аяқталады. Осы орайда, ақынның туған жерінде өтетін ауқымды шараны тиісті деңгейде өткізуге жалғыз жұмабаевтықтар емес, барлық аудандар ат салысу қажет деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Бұл шара ЮНЕСКО, Түркісой деңгейінде өтті. Астана және Алматы қалаларында да тойланды. Сондықтан ақынның туған жерінде жоғары деңгейде өтуі тиіс. Барлық аудандар жәрдемдесіңдер. Бірігіп атқару керек. Автобустар беру керексіңдер. Делегацияларды құрып, жақсылап өткізуді тапсырамын.

Бүгіндері ақынның есімі берілген ауданда дайындық жұмыстары аяқталып қалды. Жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар қалыпқа келтірілген, аббаттандыру шаралары да жүргізілген.

Асқар Бегманов – М.Жұмабаев ауданының әкімі:


–  Ауданымызда ауқымды шаралар жүргізілуде. Ең бастысы ақының кіндік қаны тамған Молодежный селолық округі Мағжан ауылдық округі болып ауыстырылды. Тағы Молодежный ауылының аты Жастар ауылы болып өзгертілді.

Тағы Булаево қаласындағы 4-ші мектепке Мағжанның есімі берілмек. Нақ осында ақиық ақының ескерткіші де орнатылатын болады. Ал үстіміздегі жылдың қарашасынан бастап елімізде көше, ауыл есімдерін өзгертуге мүмкін болмайды. Өйткені 2019 жылдың қазан айында ел көлемінде өтетін ұлттық халық санағына байланысты мұндай шаруаға маротрий жарияланбақ.

Марал Нұржауыпова – СҚО бойынша статистика департаментінің басшысы:

– Халық санағы екі әдіс бойынша жүргізілмек. Алғашқысында тұрғындар онлайын режимде интернет желісі арқылы өздері тіркелсе, екіншісінде санақ арнайы сауалнама жүргізу арқылы іске асады. Екеуінде де тұрғындар өзі және күллі отбасы мүшелері үшін жауап бере алады. Интернет-сауалнама санақ басталған күннен бастапқы 10 күннің ішінде жұмыс істейтін болады.

Ал қазір ауқымды шаруаға қызу дайындық жүрігізілуде. Алдымен ауыл, аудан және қалалардың картографиялық материалдары жасалмақ. Бүгіндері өңірде сызбалық жобалар жоқ. Тағы бір мәселе – мамандар жетіспеушілігі. Бірінші кезеңде облысқа 129 сауалнама жүргізуші, ал екінші кезеңге 671 адам керек екен. Сондықтан мамандар жергілікті билік өкілдерінен қолдау көрсетуін сұрайды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Санақ 10 жылда бір рет жүргізіледі. Сондықтан саяси шара жақсы дайындықты қажет етеді. Бұл іспен айналысуды орынбасарым Асқар Сақыпкереевке тапсырамын. Әр ауданда жауапты адамдар таңдалып, барлық ұйымдастырушылық істерді қолға алсын. Қажетті мамандарды оқытып, тиісті шараларды жүргізу керек.

Теріскей бүгіндері экономикалық көрсеткіштер бойынша көш соңында қалған өңірлердің бірі. Бізде ірі өндіріс ошақтары жоқ. Онымен қоса, жалақы деңгейімен де мақтана алмаймыз. Өйткені өңірде еңбекақы республикалық межеден төмен. Облыстағы мектеп, аурухана жоғарғы оқу орындары да жаңғыртуды қажет етеді. Тек сыртқы бет әлпетін емес, ондағы материалдық-техникалық база да жаңартылуы тиіс. Жағдай алдағы 3 жылда өзгермек. Өйткені, Елбасы Солтүстік Қазақстан облысын дамыту жоспарын әзірленуді тапсырды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Ауылдарда үй салу керек. Өйткені олардың жаңартылмағаны қашан? Біз 1000 баспана саламыз деп жоспарлап отырмыз. Шаруашылықтар үй салса, біз оны сатып аламыз. Әр тұрғын жайдың бағасы 6,5 млн теңге шамасында болады. Осы күнге дейін іске асқан жобаларды негізге алдық.

Қаржының біраз бөлігі бизнес нысандарына инфрақұрылым желілерін тартуға бағытталмақ. Тағы кәсіпкерлердің жаңа жобалары да қаржыландырылады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Бизнестің жол картасы – 2020″ бағдарламасына берілетін қаржы көлемін арттыру қажет. Биыл біз 900 млн теңге сұрап отырмыз. Ақша күзде берілетін болады. Оны біз бизнес субъектілері несиесінің пайыздық үстемақысын төмендетуге бағыттайтын боламыз.

Жолдарды жөндеу жұмыстары екі есе артып, су таратушы және тазартушы желілер қалыпқа келтіріледі. 3 жылдың ішінде 120 білім беру ошағында күрделі жөндеу жүргізіліп, облыс орталығы мен Бескөл кентінде жаңа мектептер салынбақ. Бұдан бөлек, университет студенттері үшін – 2, колледж шәкірттеріне арналған – 3 жатақхана тұрғызылатын болады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Әскери институттың жағдайын да реттеу керек. Оқу орны күрделі жөндеуді қажет етеді. Тіпті жаңа ғимарат салып беру керек.

Петропавлда заманауи аурухана мен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де оқу-зертханалық орталық бой көтермек. Сондықтан жобаларды әзірлеу мен өзгерістерді енгізуге барлық әкімдер мен мемлекеттік орган басшылары даяр болуы керек.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

 


– Ертеңнен бастап өңірге министрлік өкілдері келе бастайды. Олар барлық басқармалармен жұмыс жасайды. Ал 27 маусым күні біз шаруаны қортындыламақпыз. Сөйтіп, берілген тапсырмаларды орындау бойынша жол картасын әзірлейміз.

Әрине бұл шаруаға миллиардтап қаржы жұмсалады. Оның барлығы республикалық бюджет есебінен іске аспақ. Шалқар-Имантау курорттық аймағын дамытуға да қаржы бөлінеді. Оны Щучье-Бурабай демалыс орындарының деңгейіне жеткізу көзделген.

Мағжан Ахмадина