Мәдениет

“Қарагөз” спектаклі үздік деп танылды

Қарагөз спектаклі – қазақ драматургиясындағы үздік туындыларының бірі. М.Әуезовтың шығармасы бүгінге дейін еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген рет сахналанған болатын. Классикаға айналған туынды теріскейдегі қазақ театрының өзінде екі нұсқада қойылды. Алғашқысы солтүстікқазақстандық көрермен назарына 2000-шы жылдары ұсынылса, екінші жаңарған нұсқаның премьерасы үстіміздегі жылдың сәуірінде өтті. Соңғысы жергілікті жерде ғана емес, елордалық театр сүйер қауымның қошеметіне де бөленді. Спектакль Астана қаласында өткен 6-шы халықаралық «Самғау» фестивалінде жоғары бағаға ие болып, «Үздік режиссура» номинациясында топ жарды. Себебі, пьеса тың жанрда ұсынылып, әрі мазмұны бойынша басқаларынан өзгешерек болды.

Фархат Молдағали – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының бас режиссері:

– Біз қалыптасып қалған стереотип пен қағидаларды бұзуға тырыстық. Саундрама жанрында қойдық. Көрерменге ұнады.

Қойылымға 15 актер 3 ай бойы дайындалған. Әрбір рөлдің спектакльдегі орны бөлек. Декорация мен көпшілік сахна мұнда жоқ. Пьесаның мазмұнын көрерменге толығымен жеткізуге музыка көмектеседі. Басты рөлдердің бірі – Наршаны сомдау театр әртісі Нұржан Асылханға бұйырыпты. 3 ай бойы азамат өз кейіпкерімен танысып, күн-түн демей еңбек еткен. Туындыдағы Наршаның әрбір қасиеті мен қылығын актер өзінің жан дүниесі арқылы өткізуге тырысыпты.

Нұржан Асылхан – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының актері:

 


–  Режиссердің мақсаты – «Қарагөзді» дәстүрлі «Қарагөзден» басқашалап қою болды. Сондықтан болар, маған да бұл рөлді сомдау қиынға соқты.

Театр сыншылары мен беделді режиссерлер алдынан өткен пьеса енді маусымның 26-сы өтетін ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінде сахналанбақ. Мұндай мүмкіндікке Қазақстанның тек 4 театры ғана ие болған. Фестивальде Азия мен Еуропаның әлемдік дәрежедегі өнер ұжымдары қатысады.

Эльмира Сәдуақасова