Мәдениет

Петропавлда ғылыми-әдістемелік семинар өтті

Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің мәдени және рухани байланысын нығайту мақсатында осы күнге дейін бірталай іс-шара өткізілді. Қазіргі таңда екі елде түрлі серіктестік жобалар нәтижелі жұмыс істеуде. Бұндай рухани байланыстар әр ұлттың өзіндік ерекшеліктерін айқындап қана қоймай, достығымыз бен ынтымағымызды нығайта түсері анық. Бүгінгі жиын да осы мақстты көздеп отыр.

Людмила Гривинная – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “ҚХА” кафедрасының меңгерушісі:

– М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабырғасында халықаралық “Шекарасыз мәдениет” ғылыми-әдістемелік семинары өтіп жатыр. Ғылыми-әдістемелік семинарға өлкетанушылар, өңірдегі этномәдени орталықтардың төрағалары және ҚХА өкілдері жиналып отыр. Олардың арасында көршілес елдің Қорған, Түмен және Омбы облыстарынан келген қонақтар да бар.

Түмен облысының “Ишим мұражай кешенінің” ғалым-хатшысы Геннадий Крамор семинарда өлкетану тақырыбы төңірегінде сөз қозғады. Соның ішінде ол жазушы, ақын және ағартушы Петр Ершовтың өміріне тоқталды. Бұнысына себеп бар. Әкесінің қызметіне байланысты белгілі қаламгер өмірінің бір бөлігін Петропавлда өткізгені белгілі.

Геннадий Крамор – “П.П.Ершов атындағы Ишим мұражай кешені” ММАМ ғалым-хатшысы, РФ:

– Мына туынды Петр Павлович Ершовқа арналған. Осы кітапты дайындап шығару үшін 10 жыл уақытым кетті. Яғни, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, суреттерді жинадым. Мұнда Петр Ершовтың саяхаттап барған жерлерін қамтыдым.

Көрші елден келген тағы бір мейман – Қорған облысы қазақтары автономиясы ұлттық-мәдени басқармасының төрағасы Қайрат Оралов. Бүгінде ұлтымыздың шет жерде танылуына үлес қосатын мекемеде 25 қандасымыз еңбек етеді екен. Олар ай сайын түрлі мәдени шаралар өткізіп тұрады. Бұдан бөлек, бұл өлкеде қазақ жастарының қозғалысы кең етек жайған.

Қайрат Оралов – Қорған облысы қазақтары автономиясының ұлттық-мәдени басқарма төрағасы, РФ:

– Жастар мәдени шаралар туралы БАҚ-та мақалалар жазып, қоғамдық өмірге белсене ат салысады. Осылайша, кейінгі буын өкілдерінің арасында ұлттық құндылықты дәріптейді. Сондай-ақ, облысымызда қазақ тілінің 2 сыныптық курстары ашылды. Онда кез келген адамның ана тілімізді жетік меңгеру мүмкіндігі бар. Жалпы қазіргі таңда облысымызда 14 мың қазақ тұрып жатыр.

Жиын соңында спикерлер диалог алаңын құрып, өзекті мәселелерді талқылады.

 

Молдир Макишева