МТРА жаңалықтары

Облыс оқушылары үшін арнайы ІТ-сыныптар ашылады

Күн тәртібіне – 4 сұрақ шығарылды. Барлығы еліміздегі жетекші партияның бас болуымен қолға алынған 4 инновациялық жобаға қатысты. Алғашқысы 8 бен 16 жас аралығындағы мектеп оқушылары үшін арнайы ІТ-сыныптарын ашуды көздейді. Мұндай класстардың саны облыс бойынша 15 болмақ. Екеуі Петропавлда шілде айында жұмысын бастайды.

Кеңес Мұқышев – “Нұр Отан” партиясының Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Біріншісі қазақ мектеп-гимназиясы, ал екіншісі “БЭСТ” гимназиясының базасында ашылады. Мұнда балалар бағдарламалар жазып, аннимациялар жасауды үйренетін болады. Қаржыны демеушілер беріп отыр. Мемлекет ақша бөлмейді.

Қуатты компьютерлер, 3Д принтерлер – алғашқы екі сыныптың жабдықтарына демеушілер шамамен 7 млн. теңге жұмсамақшы. Ал оқу бағадарламасын жергілікті “Өрлеу” біліктілікті арттыру институтының мамандары жасап шығарған. Сабақтар жыл бойы факультатив түрінде жүргізілмек.

Алексей Деревянкин – “Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы “СҚО ПҚ БАИ” ақпараттық технологиялар бөлімінің бастығы:

– Бағдарлама 4 модульден тұрады, ал әрқайсысы үшін 36 сағаттан қарастырылған. Модульдерді меңгере отырып оқушы бір жылдың ішінде бағдарлама жазу, роботтар құрастыру мен сайт жасау салаларындағы білім деңгейін жетілдіріп отырмақ. Бұдан бөлек, біз аталған сыныптарға жетекшілік ететін 15 педагогты даярлап шығарамыз. Әр сыныпта 10 балаға дәріс оқылады.

Сондай-ақ, заман игіліктерін жұмыссыз отырған қала тұрғындары да меңгеретін болады. Келешекте СҚМУ мен болашақ оқушылар сарайының базасында екі қолға бір күрек таба алмай отырған азаматтар үшін арнайы ІТ-орталық ашу жоспарланып отыр. Бұл жоба да кеңес мүшелерінің талқысына тасталып, оң бағасын алды. Ал, үшінші болып көтерілген мәселе – мектептердегі асханалардың ахуалына қатысты. Ендігі кезекте, білім ошақтары жылма-жыл жариялайтын тендерлер мен конкурстардың дәуірі артта қалмақ. Олардың орнын кәсіпкерлермен ұзақ уақытқа жасалатын келісімшарттар баспақ.

Айнагүл Сұрағанова – Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы:


– Алдағы жоспар – мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында мектеп асханаларын кәсіпкерлерге ұзақ уақытқа жалға беру. Бүгінде 7 бизнесмен осы форматта жұмыс жасауға дайын отыр. Әзірге нормативтік құжаттарды әзірлеп жатырмыз. Мұнда екі тараптың да талаптары ескеріліп, бәрі бір жүйге келтірілетін болады.

Бұл бастама да қолдау тапты. Алайда, саяси кеңес мүшелері мектептермен ұзақмерзімді келісімге отырған кәсіпкерлердің дайындайтын ас-ауқатын, оның сапасын бақылауда ұстау қажеттігін қадап айтты. Жалпы жақын болашақта “Нұр Отан”-ның жергілікті филиалы теріскей өңірінде осындай оннан астам инновациялық жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр.

Саят Ермек