Мәдениет

Мағжан Жұмабаевқа арналған әдеби-сазды кеш өтті

Бұл өлең шумақтарын Аманжол Зағыпар Мағжан Жұмабаевтың рухына бағыштаған. Оның сөзінше жас ұрпақтың Мағжанды тануға деген құлшынысы жыл санап артып келеді. Алайда, біртуар қайраткерді көбі тек жыр алыбы ретінде таниды. Басқа қырлары назардан шет қалып жатады дейді ол.

Аманжол Зағыпар – ақын:


– Біз оны ақындық қырынан ғана танимыз. Оны ғалым деп атауға да болады. Себебі, Мағжан педагогика оқулығын қазақ тіліне аударған алғашқы қайраткер. Ол халықтың психологиясын білген, оны өз өлеңдерінде суреттей алған.

Қазақ үшін қам жеген, елдегі педагогиканың негізін салған, теріскейлік газет-журналдарда халықтың базынасын баяндап, санасын оятуға сеп болған Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін қалалық гуманитарлық колледж студенттері оқып берді. Жас буын ақынның бізге артқан сенімін ақтаймыз дейді.

Гүлбақыт Жүніс – М. Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің студенті:

– Мен Мағжанның еңбек еткен, сабақ берген колледжінде оқимын. Осыны мақтан тұтам. Қазақ елін әрі қарай дамытатын біз – жастар.

Мағжанның 125 жылдығына арналған әдеби сазды кешке ақынның немере інісі Тасболат Бекенов те қатысты. Оның сөзінше Мағжан өлеңдерінің мақсаты – сол заманда өмір сүрген көшпелі қазақтың білімін арттыру, көкірегін ояту болған.

Тасболат Бекенов – М. Жұмабаевтың немере інісі:

– Мағжан халықты, әсіресе қазақ қыздарын оқытқысы келді. Мен әңгімелескен ақсақалдар Мағжан секілді ешкімнің орысша сөйлей алмайтындығын айтатын.

Шарада кіші-гірім көрме де ұйымдастырылды. Мұнда Жұмабаевтар әулетіне тиесілі болған заттар мен Мағжанның 1923 жылы жарық көрген жинағының түпнұсқасы қойылды. Құнды жәдігерлер ақынның туған жері – Сарытомардан арнайы жеткізіліпті.


 

Саят Ермек