Қоғам

«Мен қазақпын» мега жобасының облыстық кезеңі өтті

Бұл Ғ.Мүсірепов ауданынан келген Гүлжаз Құлманованың орындауындағы «Ей, адамдар тату-тәтті болыңдар» атты терме. Ауызбіршілік пен бірлік, анаға деген құрметті жырлайтын туынды нәзік жандының сүйіп орындайтын шығармасы екен.

Гүлжаз Құлманова – «Мен қазақпын» жобасына қатысушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Көбіне мен өмір жайлы шығармаларды орындаймын. Қазіргі үлкенді сыйлауды, кішіге құрмет ізет көрсетуді, ата-ананы қалай сыйлау керектігін үйрететін термелер болатын менде. Аулымызда «Алтын домбыра» атты халықтық оркестр бар. Сонда ойнаймын, ән айтамын.

Гүлжаздан бөлек терме номинациясында тағы 8 талант иесі өнерін ортаға салды. Ауыл, аудандардан іріктеліп алынған жандардың әр бірі республикалық сынға жолдама алудан дәмелі. Сондықтан сахна сыртында да әзірлік қызу. Қазір мұнда термешілерден соң көпшілік алдына шығатын күйшілер мен дәстүрлі әншілер дайындалып жатыр.

«Қазақстан» Ұлттық арнасының мұрындық болуымен еліміздің барлық өңірлерінде өтіп жатқан мега жобаның облыстық сынына 24 жерлесіміз қатысуда.

Ерлан Тоқшалық – «Qyzyljar» телеарнасының директоры:

 

– Өнер додасына қатысушыларды қазылар алқасы барлық аудандарға барып іріктеп алды. Өнерпаздардың деңгейі жаман емес. Бірақ аудандарда кей жерлерде мамандар жоқтың қасы. Әсіресе, терме бойынша мамандар жоқ. Осы орайда мәдениет және білім басқармалары басшыларының құлағына алтын сырға. Өйткені мега жоба жыл сайын ұйымдастырылады. Сонда біздер өңір намысын жақсы қорғау керекпіз деп ойлаймын.

Сонымен «Мен қазақпын» мега-жобасының өңірлік кезеңі өз мәресіне келіп жетті. Өлке намысын республикалық сында қорғайтын жеңімпаздардың есімі де белгнілі болды. Терме номинациясында Ақжар ауданынан келген Мейрамгүл Здуалиева алдына жан салмаса, күй аталымында – петропавлдық Бәйімбет Қайдуловтың айы оңынан туды. Ал дәстүрлі әнде Қызылжар ауданынан келген Еркебұлан Қаріповке тең келер жан болған жоқ.

Мағжан Ахмадина