МТРА жаңалықтары

Кезекті ашық қоғамдық қабылдау өтті

Сағат таңға 10-ға жақын. Бұл уақытта Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының фоесі тұрғындарға лық толды. Олар көкейлеріндегі сауалдарын атқарушы билік өкілдеріне жолдау үшін келіп жатыр. Базынасын арқалағандардың бірі – Елена Гуйван. Жерлесіміз қаламыздағы Егемен Қазақстан көшесіндегі 46 үйде тұрады. 83-ші жылы салынған ғимараттың шатыры тозыпты. Сол себепті жаңбыр жауған сайын баспана іші суға толып кетеді екен.

Елена Гуйван – қала тұрғыны:


–  Жаңбыр жауса болғаны, пәтер ішіндегі барлық дүние суда қалады. Оған қоса сымдардың қысқа тұйықталуы салдарынан бірнеше мәрте өрт те шықты. Мұның арты соқпақты болмай тұрғанда біздің үйдің шатырын жөндеу керек. Қалалық әкімдікке бірнеше мәрте хабарластық. Алайда олар істі бастау үшін ақша жоқ деп ақталды. Осы мәселені бір жақты ету үшін облыс әкімінің қабылдауына жазылып отырмын.

Нәзік жандының өзекті мәселесін облыс әкімі Құмар Ақсақалов мұқият тыңдап тұщымды жауап қайырды. Ол нысанның шатыры көп ұзамай қалыпқа келтірілетіндігін айтты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Біздің қалада жөндеуді талап ететін үйлер жетерлік. Сол баспаналарды қалыпқа келтіру үшін республикадан қаржы бөлінеді. Ақшаны ала сала сіз тұратын нысанның шатырын жаңалап береміз. Істі күз айларында жүргізетін боламыз. Жұмыс 100 пайыз атқарылатын болады.

Бұл ашық қоғамдық қабылдауда қаузалған алғашқы сауал ғана. Бұдан кейін облыс әкіміне 30-дан аса адам кезекке тұрды. Олардың дені ауылға су тарту, жол жөндеуге қатысты сұрақтарын қойды. Ал,
Уральская, 3 мекен жайында тұратын Наталья Емельянова баспана сұрай келіпті. Естеріңізге сала кетейік, бұл үйдің бір жақ қабырғасы маусым айының басында құлаған болатын. Енді, келесі бөлігі де апаттық жағдайда тұр. Ғимарат толығымен ертең-ақ опырылып түсуі мүмкін. Мұны ескерген Құмар Ақсақалов жерлесіміздің мәселесін 5 минуттың ішінде шешіп берді.

Наталья Емельянова – қала тұрғыны:


–  Бізге келесі аптада уақытша пәтер беріледі. Бұған өте қуаныштымын. Өйткені, апаттық үйде тұру өте қорқынышты. Күні-түні жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Енді жағдайымыз түзелмек. Облыс әкімінің мұндай көмек көрсеткеніне алғысым шексіз.

Алдағы уақытта тұрғындарды толғандырған мұндай мәселелердің бірталайы шешімін табады. Бұған Президент тапсырмасы бойынша әзірленетін жаңа бағдарлама себепші болмақ. Тың жоба аясындағы істер республикалық қазынадан бөлінетін қаржы есебінен жүргізіледі. Алғашқы шаруа биылғы жылдың өзінде басталады деп күтіліп отыр.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Елбасы су тарту, жол жөндеу, баспана беруге қатысты жаңа бағдарлама жасауды тапсырды. Осы жоба аясында өзекті деген мәселелер шешілмек.

Облыс әкімінен бөлек, өңір жетекшісінің орынбасарларына, қала әкіміне, басқарма басшылары мен қалалық бөлімдердің жетекшілеріне де қойылған сұрақтар көп болды. Соның бірі ауыл шаруашылығы саласына қатысты. Мына Есіл ауданына қарасты Тауағаш ауылынан келген 3 азаматты пай мәселесі алаңдатады. Бастапқыда бұлардың және тағы 493 адамның жері “Явленский МТС” серіктестігінде болыпты. Аталған компания ауылдағы ағайынның келісімінсіз алқапты Ғ.Мүсірепов ауданындағы белгісіз фирмаға беріпті. Қазіргі күні жерлестеріміз ол кәсіпорынның директоры түгілі, атын да білмейді.

Тоқжігіт Сәбитов – Тауағаш ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:


–  Біз Новоишим фирмасынан шыққымыз келеді. Аталған компания жан басына 1 центнер 70 келі пай береді.

Тоқжігіт ақсақал айтып тұрған серіктестік жерді алғысы келеді. Бірақ, аудан әкімі тиісті құжаттарға қол қоймай отыр. Бұл мәселені Айдарбек Сапаров жауапты басқарма басшыларына жіті тексеріп, бір жақты етуді тапсырды. Қоғамдық қабылдауда білім саласына қатысы бар проблемалар да қаузалды. Олардың дені ұл-қыздарын балабақшаға орналастыруға қатысты.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

 


–  2 ата-ана балаларын балабақшаға орналастыруға қатысты сұрақ қойды. Дегенмен ол балалар балабақшаға орналаса алмайды. Өйткені, ұл-қыздардың жастары 2 жасқа толмапты.

Бірақ, мұндай жастағы балалардың мәселесі жақында шешілмек. Күз айларында қаламызда 10 бірдей бөбекжай ашу көзделген. Жалпы, кезекті рет өткен ашық қоғамдық қабылдауда 139 адамның базынасы қаралды. Айта кетейік, қаламызда мұндай жиын әр тоқсан сайын өтеді. Келесі кездесу қазан айында ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр.

Байболат  Култанов