МТРА жаңалықтары

БЖЗҚ облыстық филиалы ашық есік күнін ұйымдастырды

Галина Харченко құрметті еңбек демалысына шығар күнді асыға күтіп жүр. 40 жылға жуық еңбек өтілі бар азаматша қарашада зейнеткер атанбақ. Сондықтан алда ай сайын қолына алатын зейнетақы сомасы Галинаны, қазірден алаңдатады.

Галина Харченко – Петропавл қаласының тұрғыны:


– Өзімнің 1998 жылдың 1-ші қаңтаранынан бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтілімді білгім келеді, тағы бұл өтілдің қалай есептелетіні қызықтырады.

Болашақ зейнеткерге мамандар тұшымды жауап қайтарды. Жаңа заңға сәйкес, азаматтардың соңғы 20 жылдағы зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтілі жұмыс берушінің қорға қаржы аударуына байланысты есептелмек.

Гүлжан Сұлтанғазиева – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:


– Бір жылда 12 ай бар. Егер жұмыс беруші міндетті зейнетақы төлемдерін 3 айда бір рет жасап, оны бір айдың атымен беріп отырса, үш айлық төлем бір айлық ретінде ғана есептелетін болады. Яғни, құжат бойынша сіз бір жылда 4 ай ғана жұмыс істеген болып шығасыз. Осылайша, біз зейнетақы жүйесіндегі өтілді есептегенде төлемдердің сомасына емес, мерзімділігіне қараймыз.

Шілденің 1-інен бастап базалық зейнетақының жаңаша есептелетіні де айтылды. Жаңашылдықты түсінбегендерге ережелердің егжей-тегжейі жеткізілді.

Гүлжан Сұлтанғазиева:


– Зейнетақы 1998 жылдың 1-қаңтарына дейін жинақталған еңбек өтілі мен 1998 жылдың 1-қаңтарынан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне байланысты төленетін болады. Бұл екі көрсеткіш қосылады. Ол 33 жылға тең, не одан да көп болса базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына, яғни 28284 теңгеге тең болады.

Ал жалпы өтіл 10 жылдан аз немесе тіпті болмаған жағдайда зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызына тең болмақ. 10 жылдан асатын болса, әр жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға өсіп отырады. Ашық есік күніне келген қалалықтардың денін қордағы жеке шотқа жиналған ақшаның қалай қайтарылатыны да қызықтырды.

Ғалия Мұқанова – “БЖЗҚ” АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:


–  Бұрын зейнет жасына жеткен азамат шотындағы қаражатты бір уақытта ала ма, не бөліп-бөліп ала ма – өзі таңдайтын. Ал қазір жағдай мүлде басқа. Шоттағы сома зейнеткер жасының коэфицентіне көбейтіліп, 12 айға бөлінеді. Шыққан соманы сіз ай сайын алып отыратын боласыз.

Көп жандарды қордағы жеке шотта жатқан қаржы сомасы қызықтырды. Мұны білудің 7 бірдей тәсілі бар. Мәселен, жинаған ақшаны қордың Петропавлдағы филалына жеке келіп, не электрондық почта арқылы, тағы мобильдік қосымшаны жүктеп білуге болады.

Саят Ермек