Құқық қорғау органдары

Теріскейлік бозбала интернет-алаяқтың арбауына түсіп қалды

Теріскейлік бозбала OLx.kz порталында арзан IPhone-ды көргенде алданып қаламын деп ойламаса керек. 25 мың теңгеге қойылған гаджет үшін алдын ала 20 мыңды сатушының талабы бойынша qiwi-кошелёк арқылы жөнелткен. Алайда, ақша түсісімен саудагер-сымақ телефонын өшіріп, байланысқа шықпай қояды. Жалпы, осындай тәсілмен айласын асыратындар интернетте бүгінде көп-ақ.

Андрей Акопян – СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Қылмыскерлер OLX, Instagram, Колёса, Крыша сынды әлеуметтік желілерде тұтыну тауарларын сату туралы жалған жарнама береді. Кейбір адамдар бұған сеніп, сатушылардың киви-кошелектеріне алдын ала төлеп жасап, алданып қалып жатады.

Биыл ғана мектеп бітірген алматылық алаяқ айласын асыру үшін OLx желісінде арзан бағамен тауарларды сататын фирманың парақшасын ашқан. Оған ол өзге екі азаматқа тиесілі құжаттардың электронды көшірмесін де ұсынған. Бәрі тауарды тезірек өткізу үшін. Айта кетейік, жергілікті полицейлерге күдіктіні құрықтау үшін Алматыға жол жүруге тура келген.

Андрей Акопян – СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Осы оқиғаларға байланысты азаматтарға күмәнді мәмілелер жасамауды сұраймыз. Белгісіз адамдарға алдын ала ақшаны төлемеген жөн. Сондай-ақ, банктік карталардың нөмірін, телефондарға жіберілген IMEY кодтар мен парольдерді құпияда ұстау қажет. Егер алаяқтардың қармағына түсіп қалсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласыңыз.

Жалпы, жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері интернет-алаяқтыққа қатысты 24 фактінің бетін ашқан.

 

Альмира Жетписбай