Спорт

Спорт саласындағы өзекті мәселелер сөз болды

Солтүстік Қазақстан облысының спорт саласында алға басушылық бар. Мұны түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жеңіс тұғырының биік сатысынан көрініп жүрген жандар дәлелдейді. Оған қоса өлкемізде дене шынықтырумен айналысу үшін заманауи нысандар да тұрғызылып жатыр. Осындай жағдайлардың жүлдегерлерді даярлауға серпін берері сөзсіз.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

–  Бүгінгі күні облыста 31 олимпиадалық спорт түрі қолға алынған. Олармен 52 мыңнан аса жерлесіміз айналысады. Спортшылардың түрлі жарыстарда көрсетіп жүрген жетістіктері жаман емес. Биыл теріскейліктер халықаралық және республикалық сайыстарда 49 медаль жеңіп үлгерді. Оның 28-і олимпидалық спорт түрлері бойынша. Тағы, жыл өткен сайын өңірімізде дене шынықтыруға арналған ғимараттардың, алаңдардың көбейіп жатқандығын айта кеткен жөн.

Дегенмен, саладағы кемшіліктерді де сөз еткен жөн. Қазіргі күні теріскейлік түлектердің дені Ресейге оқуға түседі. Олардың қатарында қаламыздағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының шәкірттері де бар. Осының салдарынан өңірімізде жас жаттықтырушылардың саны азайып барады.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– РФ жоғарғы оқу орындарында спорт шеберіне үміткер немесе спорт шебері атағына ие балаларды ҰБТ-сіз қабылдайды. Оған қоса шәкіртақы төлейді. Сол себепті біздің дарынды балаларымыз көрші елге білім алуға кетіп жатыр. Оқуларын тәмамдаған соң олар Ресейде қызмет етіп қалатындарына 99 пайыз сенімдімін. Талай жыл өсірген жемісімізді бере салған дұрыс емес.

Елсияр Қанағатов – ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының басшысы:

–  Қазіргі күні балаларды спорт ардагерлері жаттықтырады. Мұндай тәжірибелі мамандардың болғаны дұрыс. Бірақ, жастардың қызмет еткендері де абзал. Бұл орайда қалаларыңыздағы спорт интернаты жанынан колледж ашылғалы жатыр екен. Осы бастаманы өз басым қолдаймын. Мұндай білім ошақтары арқылы студенттерді оқытып, өзімізде қалдыра аламыз.

Бұдан бөлек, жиын барысында Елсияр Қанағатов өңір аудандарындағы жағдайды сөз етті. Ол әр аудан орталығында балалар және жасөспірімдер спорт клубтарын ашу керектігін айтты. Тағы, теріскейге хоккей, шаңғы және конькимен жүгіруді мықтап қолға алуды тапсырды. Өйткені, Ұлттық құрама сапында аталған спорт түрлерінен ел намысын қорғайтын жандар жоқтың қасы. Шара барысында мейманға жерлестеріміз өздерін толғандырған сұрақтарын да қойды.

Виктор Лаврик – “Жеңіс” ОРБЖСМ директоры:

–  Жаттықтырушы жоғарғы санатты маман атану үшін Ұлттық құрама сапында өнер көрсететін 4 бірдей спортшыны даярлауы қажет. Бұл біздер үшін өте қиын. Осы мәселе шешілсе немесе жеңілдетілсе жақсы болар еді.

Елсияр Қанағатов – ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының басшысы:

 

–  Шыныменде Ұлттық құрама сапына 4 спортшыны даярлау оңай емес. Бұл сұрағыңызды спорт комитетіне және федерацияға міндетті түрде жолдаймын. Базынаңыз ескеріледі деген ойдамын.

Жиын соңында ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов ауыл спортын дамытуға да көңіл бөлуді тапсырды. Ол үшін Солтүстік Қазақстан жерінен бастау алған “Ақ бидай” сынды ойындар жиі ұйымдастырылып тұруы керек.

Байболат  Култанов