Қоғам

Қалалық қоғамдық кеңес отырысы өтті

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына биыл 1652 петропавлдық қатысуда. Солардың 1100-ден астамы жұмыссыздар, 19-ы өзін-өзі еңбекпен қамтығандар және 405-і мүгедек жандар. 2018 жылы жобаны жүзеге асыруға 400 млн. 431 мың теңге бөлінді.

Гүлмира Жәкенқызы – Петропавл қаласы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

–  Бағдарламаның алғашқы бағыты бойынша шаһарамыздың 9 колледжі 16 мамандық бойынша тұрғындарды оқытуда. Жыл басынан 376 адам білім алып шықты. Оларға 16 мың теңгеден астам шәкіртақы төленіп келді. Екінші бағытты іске асыру үшін 330 млн. теңге бағытталды. Бүгіндері соманың 295 млн-ға жуығы жаратылды. Оны петропавлдықтар жаңа бизнес ашуға және өз ісін кеңейтуге жұмсаған. Үшінші бағыты бойынша оралмандар мен түстіктен келетін ағайындарды көшіруге 8 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

Кеңес мүшелері баяндаманы қолдады. Бірақ бағдарлама қатысушыларын оқытарда еңбек нарығындағы сұранысты ескеруді сұрады. Кейін жиында мектепке дейінгі білім мен тәрбие беретін мекемелер қызметінің құнын көтеру жайында сөз қоғалды. Алайда бұл мәселені кеңес мүшелері бюджеттік коммисия қарауына жіберді. Жалпы бүгіндері қалада 57 осындай нысан жұмыс істейді екен. Балабақшаларға деген қажеттілік 10 мыңнан асады. Тағы кездесуде осыған дейін көтерілген мәселе – қоқыс шығарушы кәсіпорындардың тарифі жайлы айтылды.

Дулат Шарапиденов – Петропавл қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

 

– Бүгіндері қоқыс шығару бағасы бір адам үшін – 175 теңгені құрайды. Бұл баға 2014 жылдан бері өзгеріссіз тұр. Қалдықтарды шығарумен айналысатын кәсіпорындар тарифтің көтерілуін жұмысшыларға жалақы мөлшерін көтеру керектігімен және жанар-жағармай бағасының қымбаттауымен түсіндіріп отыр. Тағы көліктерді жөндеуге де біраз шығындалатын көрінеді.

Сондықтан жеке тұлғалар үшін тарифті – 230 ал заңды тұлғалар үшін бағаны – 2530 теңге қылу ұсынылды. Мұны кеңес мүшелері бірауыздан қолдады.

Мағжан Ахмадина