Спорт

Журналистер арасында спартакиада өтті

Эльмира Сәдуақасова – тілші:


– Әдетте, бұл мамандық иелері спорт жарыстарын тек сырттан бақылайды. Осы саланың жаңалықтары туралы бұқараны хабардар етеді. Алайда, бүгін барлығы басқаша. Оқиғаның бел ортасында – өңір журналистері. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өзара мықтыны анықтап, сынға түсуде.

Алаңға жиылғандар – күнделікті жүгіруді әдетке айналдырғандар. Алайда, спортта емес, жұмыс барысында. Түсірілім алаңында жақсы кадр жасап, респондент тауып, бейнематериалды эфирге дер кезінде дайындау оңай шаруа емес. Дегенмен, ережесі бекітілген ойында БАҚ өкілдері өздерін қалай көрсетеді екен?

Түсірілім барысындағы дос, аға, бауыр, ойын кезінде – нағыз қарсылас. Футбол алаңында меншікті тілшілер мен Муниципалдық телеарна жігіттері. Әріптестерім матчтың бастан-аяғына дейін шапшаң қимылдап, шабуыл жасауға тырысқанымен сәттілік жетіспеді. Алдымен, тепе-тең келе жатқан олар қарсыластарының доптарын тағы үш рет өткізіп алды. Қорытынды есеп 4-1. Жеңіс – меншікті тілшілерде!

Саят Ермек – МТРА тілшісі:


– Қарсылас мықты. Өте жақсы ойнады. Қанша тырысқанымызбен, жеңіске жете алмадық. Бірақ, алда басқа спорт түрлерінен жолымыз болады деген үміттеміз.

Ал, бұл залдың ішінде – мүлгіген тыныштық. Артық сөз жоқ, тіпті, әріптестеріне қолдау көрсетуге келгендер де үнсіз. Мұнда тек шахмат фигураларының қозғалысы мен тоғызқұмалақтың қазанға салынуы ғана естіледі. Шапшаң қимылдау аталған спорт түрлеріне тән қасиет емес. Логиканы қосып, оңтайлы сәтті пайдалана білу қажет.

Қазір “Хабар” арнасының меншікті тілшісі, 9 жыл бойы жеңісті қолдан бермей келген Нұргүл Ахметова мен жүлдегерлер қатарынан көрінетін Муниципалдық телеарнаның редакторы Мағжан Ахмадинаның арасындағы тартыс өтуде. Бұл жұптың жыл сайын дерлік шахмат үстелінде кездесуі дәстүрге айналғандай. Сондықтан, әрбір қадам алдында журналистер фигураларды бір шолып шығуда. Тактика ма, әлде қолайлы сәт болды ма әріптесім Мағжан Ахмадина 20 минутқа созылған ойынды қарсыласына мат қойып аяқтап, спартакиаданың үздік гроссмейтері атанды.

Мағжан Ахмадина – МТРА редакторы:

– Менің белгілі бір тактикам болды деп айта алмаймын. Ойын барысындағы қолайлы сәттерді жақсы пайдалана алып, жеңіске жеттім.

Ойыншыларға артылған үміт зор. Әріптестер тарапынан қолдау да мығым. Бірнеше жарыс артта қалды. Кезек волейболға да жетті. Мұнда әуесқой спортшылар жеңіске жету үшін барын салуда. Шабуылға тойтарыс беремін деп құлады да, допты ұрамын деп қолдарын көгертті. Бірақ, есеп өз пайдаңа шешілген кезде, бұның барлығы түкке тұрмайды екен.

Мөлдір Мақышева – МТРА тілшісі:


– Біз бүгін жақсы ойын өрнегін көрсете білдік. Ұжымдастық, команда болдық. Әріптестеріміздің көрсеткен қолдауы да күш берді. «МТРК» деп айғайлағанда рухтанып қаласың.

Нағыз мықтылардың, ептілердің сайысы – арқан тартыс. Мұнда әр команданың тактикасы әр түрлі. Бірі бірнеше секунд ішінде ұтылып қалып жатса, кей додалар 1 жарым минутқа созылды.

«Qyzyljar» арнасының ұжымы бұл жарыста жан алысып, жан берісті. Аяқтарынан жығылып жатса да арқаннан айрырылмады. Соңына дейін нық тұрып, үздік атанды.

Юрий Искаков – «Qyzyljar» телеарнасының бейнеоператоры:

– Ойын барысында әрбір секундқа дейін маңызды. Құлап, арқанды жібермеу өте қиын. Күшіміз кетті. Әйтеуір, уақытында тұрып, ойынды жалғастырдық.

Біркүндік доданы қорытындылар сәт те жетті. Алдымен жекелей жарыста үздік атанғандар марапатталды.

Әлия Ибраева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:


–  Мен тоғызқұмалақ ойынын мектеп кезімнен білемін. Әкем үйреткен болатын. Бүгін, міне, барлығын артқа тастап, бірінші орын алдым.

Командалық есепте қола жүлде болашақ журналистер – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ құрамасы мен күміс кубок «Первый Северный» арнасына бұйырды. Ал, әрбір спорт түрінен дерлік үздік үштікке еніп, әріптестерінен алда болған “Солтүстік Қазақстан” облыстық газетінің ұжымы 1-ші орынды иеленді.


 

Эльмира Сәдуақасова