Спорт

Облыстың велошабандоздары велокөпкүндікте топ жарды

15-16 жасар бұл шабандоздар соңғы 4 күннің ішінде жалпы есепте 250 шақырымды артқа тастаған. 3 топтық және бір жекелей сыннан тұрған халықаралық велододаның нүктесі бүгін қойылды. Ерекшеленген әрбір жеткіншек жеңіс тұғырына көтерілді. Мәселен, 4 кезеңде де жақсы нәтиже көрсеткен Өзбекстан шабандозы Дмитрий Сирко жекелей есепте алтыннан алқаны тағынды. Медаль мен сыйлықтарды оған Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың өзі табыстады.

Дмитрий Сирко – жарыс жеңімпазы, Өзбекстан:

– Винокуров – менің сүйікті спортшым. Өзбекстандық болсам да, оны мақтан тұтам. Жалпы, велосипедке отырғаныма 3 жылдай ғана болды. Бұл – менің алғашқы халықаралық біріншілігім. Нәтиже – өте жақсы. Тек ауа райы мұнда салқындау екен, қарсыластар да осал емес.


Ал жалпыкомандалық есепте СҚО командасы үздік шықты. Бізден кейін Өзбекстанның Самарқан қаласынан келген құрама жайғасса, үздік үштікті Елорда велосипедшілері тұйықтады. Осымен алтыншы жыл бұл көпкүндік дода Лондон Олимпиадасында еліміздің көк байрағын желбіреткен шабандоз – Александр Винокуровтың есімімен аталады. Жеңімпаздарды марапаттап, жас буынға рух беру үшін чемпион салтанатқа арнайы келген.

Александр Винокуров – “AstanaPro Team” командасының бас менеджері, Лондон Олимпиадасының чемпионы:


– 15-16 жасар юниорлар арасында осындай жарыстарды өткізу өте маңызды. Себебі, бұндай шаралар жеткіншектердің спортқа деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, қызығушылықтарын арттыра түседі. Велоспорт ел бойынша, әсіресе Солтүстік Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Бұл орайда Алексей Луценконың табыстарын ерекше атап өтсек болады
.

Көпкүндіктен қанжығаларын майлағандарға бағалы сыйлықтарды демеушілер үлестірді. Солардың бірі – “Vitalnan”. Ол тұтас дәнді нан өндіретін теріскейдегі жалғыз компания. Ас атасының мұндай түрін чемпионның өзі де жейді екен.

Александр Винокуров – “AstanaPro Team” командасының бас менеджері, Лондон Олимпиадасының чемпионы:


– Бұл өнімнің дәмін бірнеше күн бұрын таттым. Тұтас дәнді нанды рационыма жиі қосуға тырысамын. Себебі, ол ағзаға пайдалы, әрі күш-қуат береді. Бір-екі тілімін тосап жағып асап алсаң, күні бойына жетеді.

Веложарысқа барлығы 27 команда қатысқан. Салтанат соңында олардың әр мүшесі сүйікті спортшысымен суретке түсіп, қолтаңбасын алу мүмкіндігіне ие болды.

Саят Ермек