Қоғам

И.П.Шухов атындағы кітапхана ұжымы балаларға арнап іс-шара өткізді

 

Ең алдымен жеткіншектерге спектакльдің қоюшы-режиссері Борис Васко көпшілікке белгілі “Аленький цветочек” ертегісінің қысқаша мазмұнын әңгімелеп берді. Сондай-ақ, балаларға декорациялардың қалай жасалатыны түсіндірілді. Содан кейін барып кезек қойылымға да келіп жетті.

Бұл ертегіде қараңғылықты жарықтың, зұлымдықты ізгіліктің және өшпенділікті сүйіспеншіліктің жетеңетіні баяндалады. Балалар спектакльді көз алмай қарап отыр. Кейін, балғындардың арасында осы ертегі бойынша сауалнама ұйымдастырылды. Олар барлық сұрақтарға мүдірмей жауап берді.

Эльза Шакиржанова – И.П.Шухов атындағы орталықтандырылған қалалық кітапхана бөлімінің аға кітапханашысы:

– Біз бұл шараны 3-ші рет өткізіп отырмыз. Бағдарламаны да түрліше құрамыз. Балалар сурет салып, би билейді және серуенге шығады. Сондай-ақ, мультфильм көреді.

Кітапханашылар ұйымдастырған бағдарлама балғындардың көңілінен шықты.

– Маған “Аленький цветочек” қойылымы ұнады. Негізі, бұл ертегіні бірнеше рет оқығам. Бірақ, актерлердің ойынын көрген тіпті қызық екен.

– Кітапханаға келген кезде өзімді ертегі әлеміндегідей сезіндім. Себебі, бүгін қойылымнан үзінді тамашаладық, викторинаға қатыстық және суреттер жинадық.

Шара соңында жеткіншектерге тәтті сыйлықтар тарту етілді.

Молдир Макишева