Спорт

Петропавлда республикалық велокөпкүндік басталды

Мына жерге 140-қа жуық спортшы жиылған. Қазақстандық велошабандоздарымен қатар, сайысқа Ресей және Өзбекстаннан ат терлетіп келген спортшылар қатыспақшы. Оларды СҚО әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек құттықтап, велосипедистерге сәттілік тіледі. Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың жүлдесі үшін ұйымдастырылған веложарыста спортшылар 4 кезеңде сайыспақ.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Маусымның 16-сында – сайыстың 2-ші кезеңі өтеді. Велошабандоздар жарысты “Солтүстік жұлдызы” саябағынан бастап, Явленка тас жолымен жүріп өтеді. Барлығы 80 шақырым жер. Ал 3-ші кезеңде спортшылар сайысты Омбы тас жолында бастап, Қызылжар ауданының Белое ауылында аяқтайды. Сайыстың соңғы күні қатысушылар 20 шақырымды бағындырады. Жалпы аталмыш сайысқа 2002-2003 жылғы жасөспірімдер қатысып жатыр.

Қаз-қатар тізілген велошабандоздар тас жолдағы жарысқа сақадай сай тұр.

Шыңғыс Гумиров – сайысқа қатысушы, БҚО, Орал қаласы:

– Бірнеше минуттан соң жарысымызды бастаймыз. Барлығының жақсы дайындықпен келгені көрініп тұр. Велоспортпен 4 жыл көлемінде айналысамын. Петропавлдағы сайысқа 2-ші рет қатысып отырмын. Жарыс барысында бапкерімнің айтқандарын орындап, мәреге бірінші болып жетуге тырысамын.

Әлішер Шалбай – сайысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Осындай жарысқа қатысқаныма өте қуаныштымын. Бәріне сәттілік тілеймін.

Сонымен, сөреден қатысушылардың алғашқы легі аттанды.

Бүгін олар 70 шақырым жерді бағындырады. Қазір, шабандоздар Явленка тас жолының бойымен жүріп келеді. Сайыс жүлдегерлері 4 күннен соң анықталмақ. Жарыстың соңғы күні – маусымның 18-інде болса, сағат 15:00-де Александр Винокуровтың қатысуымен халықаралық “Қызылжар – 2018” велошеруі өтеді. Аталмыш шара орталық алаңда басталып, Горький, Сүтішев, Жабаев, Гашек және Мир көшелері бағыттарын қамтиды.

Молдир Макишева