ТЖ

Петропавл әуежайында оқу-жаттығу жиыны өтті

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына дейін жарты жылдан аз уақыт қалды. Қазір ауқымды шараға қызу дайындық жүргізілуде. Форум алдында шаһарымыздың азаматтық қорғанысын қамтамасыз ететін қызмет түрлері де өз әзірліктерін сынап көрмек. Алаңда төтенше жағдай бола қалғанда, жедел әрекет ететін топ мамандары жиылған. Қаз-қатар тізілген әрбір көліктің техникалық жағдайымен қала әкімінің орынбасары Қайролла Ғалеев танысуда. Жалпы, шаһардағы түрлі қызмет өкілдерінің басын қосқан іс-шара облыс орталығында алғаш рет өткізілуде.

Мұрат Қанғужинов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары:

– Бүгінгі оқу-жаттығу жиынын өткізуге бірқатар нысандарды таңдап алдық. Олар – Петропавл халықаралық әуежайы, теміржол вокзалы мен спорт сарайы. Себебі, онда ынтымақтастық форумына келген меймандар көптеп шоғырланбақ. Шараға 80-ге жуық бірлік техника мен 200 адам қатысып жатыр.

Алғашқы оқу-жаттығу жиыны әуежайда өтті. Алдымен мамандар ұшақтың жағдайын толығымен тексерістен өткізеді. Өйткені, ойда-жоқта техниканың бір бөлшегі істен шығып қалуы мүмкін. Бұндай жағдайға әуежай мамандары сақадай-сай болуы қажет. Сценарий бойынша күтпеген жерден ұшақтың қозғалтқышы сыр берді. Ұшқыннан өрт те туындап, әуе көлігі апаттық түрде қонуға мәжбүр болды.


Апат орнына лезде барлық құтқарушы мамандар жұмылдырылды. Кейін, жедел жәрдем де оқиға орнынан табылып, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетті.

Елжас Құрманғожин – СҚО ТЖД №13 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы:

– Шараға 3 бірлік техника мен 13 адам жұмылдырылды. Өртті уақытында ауыздықтадық.

«Петропавл халықаралық әуежайының» аумағы 200 гектар жерді қамтиды. Нысан базасында екі өрт сөндіруші көлік пен 5 маман бар. Алдағы уақытта мұнда арнайы техника саны көбейтілмек.

Марат Хасенов – “Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ директоры:

 


–  Біз мұндай шараларды жылына 3-4 рет өткіземіз. Себебі, кез келген жағдайға дайын болу қажет.

Петропавл халықаралық әуежайынан 3 бағытқа қатынауға болады. Аптасына мұнда тұрақты түрде 5 рейс орындалады.

Эльмира Садвокасова