Аптадағы маңызды жаңалықтар

Медицина қызметкерлері құрметке бөленді

Олар Гиппократ антын қабылдады, алдына келген әр науқас жанға қолдан келгенше қолғабыс етуге серт берді. Залда осындай талай жерлесімізді өлім аузынан арашалап қалған теріскейдің ақ халаттылары отыр. Абзал жандарды келе жатқан кәсіби мерекелерімен өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов құттықтады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Адам баласы өз өмірлерін сіздерге сеніп тапсырады. Еліміз салауатты ұрпақ тәрбиелеуге басымдылық беріп отыр. Осы орайда сіздердің қосар үлестеріңіз өлшеусіз.

Кейін әкім еңбегімен ерекшеленген медициналық қызметкерлердің бірқатарын марапаттады. Біреулеріне құрмет грамотасы мен алғыс хаттарын, өзгелеріне мемлекеттік марапаттарды табыстады. Облыстық кардиологиялық орталықтың дәрігері Мақсат Құдратуллаев “Денсаулық сақтау саласының үздігі” төсбелгісін иеленді. Теріскейдегі жетекші кардиохирургтардың бірін министрлік бұл биік наградаға әбден лайықты деп тапқан. Кәсіби қызметін 2002 жылы бастаған ол осымен 16-шы жыл жүректегі ақауларды ауыздықтап келеді.

Мақсат Құдратуллаев – облыстық кардиологиялық орталықтың бөлімше меңгерушісі:

– Бұрын жүре алмаған пациенттер отадан кейін ауруханада не көшеде кездестіргенде бізге шексіз алғыстарын жаудырып, өздерінің жетістіктерімен бөлісіп жатады. Бізге бұдан артық алғыстың керегі жоқ.

Медицина – салғырттықты көтермейді. Бұл саладағы әр жан – өз ісінің хас шебері. Сол мамандардың өмірлік ұстанымын аша түсетін әнұрандары да бар екен. Дәрігерлер оны орындарынан тұрып орындады.

Салтанатты шара концертпен жалғасты. Тек бұл жолы сахнада өнер майталмандары емес, қарапайым дәрігерлер ән шырқады. Ертеңгі медбикелер, медициналық колледж студенттері де өздерінің болашақ әріптестерін кәсіби мейрамдарымен құттықтады.

Саят Ермек – тілші:


– Солтүстік Қазақстанда денсаулық сақтау саласы жыл санап қарқынды дамып келеді. Биылғы жылдың өзінде облыстағы емдеу мекемелеріне 40-тан астам жаңа автокөлік пен 50-ден астам жаңа қондырғы сатып алынбақшы. Сондай-ақ ауруханалар мен емханалардың 15-і күрделі жөндеуден өтеді. Ал Петропавлдағы “Береке” ықшам ауданында су жаңа емхана бой көтермек.

 


Саят Ермек